Бақа-шаян толған құдықтан су ішкен Алматы облысының тұрғындары бас көтерді

13.09.2022 00:51

Ауылда 4 мыңға жуық тұрғын бар

Almaty.tv

Бақа-шаян толған құдықтан жылдар бойы су тасып ішкен Алматы облысындағы Қазтай Ұлтарақов ауылының халқы бүгін бас көтерді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Олардың айтуынша, осыған дейін жергілікті билік те, аудандық әкімдік те мәселені шешуге ұмтылған емес.

Бұл – бір адамның емес, осындағы 4 мыңға жуық халықтың жылдар бойы жауыр болған ортақ мәселесі. Ауыз судан тарыққан жұрт бүгін ауылдың қақ ортасына жиналды.  

«Осы биыл кіреді деген суды. Жоқ әлі. Әлі күнге дейін суды тасып ішіп жатырмыз», – деді Қазтай Ұлтарақов ауылының тұрғыны Дархан Өмірланов.

«Газ демейміз. Су қиын болып тұр. Міне, арықтың суы ағып тұр. Кейде таза болса, соны алып кір жуып аламыз. Мал суарамыз. Енді су тоқтайды. Малымыз сусыз қалады», – деді Қазтай Ұлтарақов ауылының тұрғыны Гүлжахан Ескендірова.

«Біз ғой тасимыз. Мұнда үлкен кісілер бар. Олар үйіне бір шелек су алуға зар», – деді Қазтай Ұлтарақов ауылының тұрғыны Гүлнәр Қағазбекова

«Мынаның ішінде бақа да жүреді. Ылғи тоқтап тұрады-ғой су. Еңкейіп, әрең  аласың түбіне жиналған суды», – деді ауыл түрғыны Бостан Маратова

Халықтың айтуынша, бұл ауылда осыдан 2 жыл бұрын жаңа су құбырын тарту жұмыстары жүргізілген. Тегіс жолдар қазылып, құдықтар салынған. Алайда көбінің үйіне құбыр тартылмапты. Оларға өз қалтасынан төлеу керегі айтылған сәтте, «қалтамыз көтермейді» деп шарасыз қалған. Мұны округ әкімі де жоққа шығармады.

«Ауыл азаматтарының алдынан өттік. Ақылдасып, біреуінен 50 метр, біреуінен 20 метр, бірінен 70 метр болып кетеді. Сол кезде біз осы ауылдағы тракториспен келісіп, алып келдік. Бірақ ол метрін мың теңгеден деді де, оған ауыл азаматтары тағы шулады. Болмайды, бұл қымбат. Сомен халықты жинап, өтінішті қабылдап, қол қойдыртып, ауданға жібердік», – деді  Масақ ауылдық округінің әкімі Ертай Нұрмаханов

Шалғай ауылдағы бұл мәселе нақты қашан шешілері беймәлім. Әкім ауданға өтініш жолданғанын мәлімдеді. Ал тұрғындардың үйіне су өткізу жұмыстарына қаражаттың бөлінер-бөлінбесі әзірге белгісіз.

Оразай Нұртай, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы