Құрылыс компаниясы нақты сомасын комиссия шешеді дейді
6 айдың ақшасы алынбады. Құрылысқа қаңтарылған 40 шақты азамат қаңтардан бері айлық алмадық деп бас көтерді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматыда 9 қабатты тұрғын үйдің әрлеу жұмысын жасағандар компания 15 млн теңге қарыз дейді. Дәл құрылыс алаңында мүлдем ақшасыз қалдық деген жігіттер еңбекақымызды даулап шығуға мәжбүр болғанын айтады. Өйткені, бірі өзі, енді бірі мүгедек қызын емдеймін деп қалаға келген.
«Біз бәріміз басқа қаладан келгенбіз. Мен Тараздан келіп отырмын. Операцияға ақша керек, қолым күйіп қалған», – деді құрылысшы Мейірбек Жұмабаев.
Қаңтардың қақаған суығында еден сырлап, қабырға боядық деген жұмысшылар берешегін бермейінше кетпейміз дейді. Тіпті, қарызын сұрап қанқысымы көтерілгендер де болды.
«Шымкент қаласынан келіп жұмыс жасап жатырмын. Жұмыс істеген мақсатым – мүгедектігі бар қызымды емдету. Маған 2 миллиондай ақша беру керек, біз жолдасым екеуміз бірге жұмыс істедік», – деді құрылысшы Фарида Юлбекова.
Тегін тер төгіп, тегімізді ұмыта жаздадық деген құрылысшылар міне мына тоғыз қабатты үйдің әрлеу жұмыстарын жүргізгендерін айтады. Сөздерінше жарты жыл жұмыс істесе де, жарытып жалақы алмапты. Енді біріміз пәтерде, енді біріміз туыстардың босағасында тентіреп жүрміз деп мұң шақты.
Ал аталған «Парасат» тұрғын үйін тұрғызған құрылыс компаниясы екі ортада мердігер барын айтады. Дау шығарған жұмысшыларды сол компания жалдады деп отыр. Бірақ қызметтеріне лайық қарыздарын қайтарып беруге дайын.
«Біз бұл қарызды бұған дейін де төлеп бергіміз келген, алайда құрылыс компанияның есепшоттары бұғатталып уақытша қиындықтар болды. Сол себепті мердігер компанияға ақша аударылмады. Екіншіден, әлі құрылыс нысанын толық қабылдап алмадық. Тапсырыс беруші тарапынан қол қойылмаған бірнеше ескертулер болды», – деді құрылыс компанияның ресми өкілі Денис Масленко.
Құрылыс иесі жұмысшылардың жұмысын толық қабылдап алмаса да, тұрғын үй қазір қолданысқа берілген екен.
«Қабырғалары жақы жасалған. Қазір жаңадан көшіп келген соң, білмейміз. Енді уақыт өте келе көреміз», – деді тұрғын Гүлдана Сақыбелова.
Ал құрылысқа жауапты мамандардың айтуынша, тұрғындар өз ерікімен келіп тұрып жатыр. Бұл олардың таңдауы деп отыр. Бірақ тұрғын үйдің ауласы, тағы да қосымша жұмыстар әлі де жалғасады дейді. Сонымен қатар жалданған жұмысшыларға берешегі барын мойындап отыр. Алайда оның нақты сомасын комиссия шешеді деп қысқа қайырды.
Әлібек Шынтемір, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы