Өркениеттен шет қалдық: Алматы облысының тұрғындары ауыз суға зәру

Almaty.tv
Almaty.tv
Әкімдік өкілінің айтуынша, келесі жылы ауылды жарықпен қамту жұмысы басталмақ
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Өркениеттен шет қалдық деген Алматы облысындағы Көктоған елдімекенінің жұрты әкімдік өкілін құрдай жорғалатты. Себебі ауылда бұған дейін де бірнеше мәрте көтерілген мәселе әлі күнге дейін шешімін таппай келеді. Ауыз судың тапшылығынан халық мал ішкен құдыққа баруға мәжбүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Су алатын құбырдың қасы қоқыс, маңында қаңғыған иттер де жүреді. Тіршілік көзін іздеген жұрттың басқа амалы жоқ.

«Орталықта бір-ақ колонка. Біз жақта су жоқ. Өзіміз қаздырдық, бірақ ол суды ішуге мүмкін емес», – деді Көктоған ауылының тұрғыны Сәния Суанбекова.

Ауылдың тағы бір өзекті мәселесі – тозығы жеткен мына бір электр бағандары. Өткен ғасырда қағылған қазықтар бүгінде құлайын деп тұр. Тұрғындардың айтуынша, кейде электр сымдары үзіліп, ауа-райы өзгерсе болды, елдімекен жарықсыз отырады.

«Жел болғанда, жарық жоқ, өшіп қалады. Тоңазытқыш істемей қалады», – деді Көктоған ауылының тұрғыны Садық Баймұханбетов.

Тұрғындардың айтуынша, әлеуметтік желі былай тұрсын, кейде телефонмен тілдесу қиын.

«Жедел жәрдем шақырсақ, жолға шығады. Бірақ таба алмай, сандалып жүреді. Неге? Себебі бізде интернет атымен жоқ. Жолды түсіндірейін десек, қоңырау шалудың өзі мүмкін емес», – деді Көктоған ауылының тұрғыны Валентина Мартианова.

Әкімдік өкілі ауылдағы мәселенің бәрін біртіндеп шешуге тырысып жатқанын айтып ақталды. «Ауылдағы барлық кем-кетіктен хабарымыз бар. Балаларды мектепке тасу, жолды жөндеу, жарық жүргізу, су тарту сынды мәселе мәслихатта қаралып жатыр. Қаржы бөлінсе, шешіледі», – деді  Елтай ауылдық округі әкімінің орынбасары Біржан Белғожаев.

Әкімдік өкілінің сөзіне сенсек, келесі жылы ауылды жарықпен қамту жұмысы басталмақ. Тіпті, жобасы да дайын екен. Ал әзірге жұрт далада жатқан құбырдан су ішіп, интернетсіз бір-біріне хат жолдап, амалдай тұруға мәжбүр.

Оразай Нұртай, Дамир Анитов, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров