Шымкенттік жүргізушілер алаяқтардың арбауына түсті. Мұндағы темір тұлпар иелері бұзылған көліктерін жөндетеміз деп, сан соғып қалған. Олар автокөліктерін орталыққа сеніп тапсырып, тіпті көрсетілмеген қызмет үшін алдын ала ақша төлеп үлгерген, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Меруерт бұл көлікті былтыр 3 млн теңгеге сатып алған. Содан бір қапталын соғып, тамызда осы орталыққа әкеліпті. Мұндағылар: «1 млн 150 мың теңгеге 50 күннің ішінде бәрін мінсіз етіп жөндеп береміз» деп уәде берген. Бірақ не берген ақша, не жөнделген көлік жоқ.
- Көліктің магнитофоны, аккумуляторы, желдеткіштің компрессоры жоқ. Тіпті қозғалтқышым да жоқ. Маған іште тұрған бөлшектерді көрсетіп жатыр. Бірақ ол менікі емес. Осылай далаға шығарып тастаған. Жұмысты ары қарай істемеймін, ақша да жоқ деп жауап берді, - дейді қала тұрғыны Меруерт Изкенова.
Бұл орталықтан зардап шеккен жалғыз Меруерт емес. Алданғандар саны 10-нан асады. Орталық қызметкерлері сол он адамның бәрінен көлікті тездетіп шығару үшін ақшасын алдын ала төлетіп алыпты. Аталған деректі дәлелдеп, азаматтар да құзырлы органның есігін талай қаққан.
- Біздің ойымызша, жергілікті полиция қызметімен орталықтың арасында бір сыбайластық бар сияқты. Өйткені қалайша осындай бассыздық жасап, жұмыс істей береді? Мақсатымыз - қайтсек те 190-баппен орталық басшысын жазалау. Мен ақшамды аламын ба, алмаймын ба, ол екінші мәселе. Мұны тоқтату керек, - дейді қала тұрғыны Асқар Айболов.
Ал орталық қожайыны көлік жөндетуге келген ешбір азаматпен қағаз жүзінде келісімшарт жасаспапты. Онысын тұтынушыларға жаңадан іс бастағанымен байланысты деп түсіндірген Ал ақшасы төленген көліктердің уақытылы жөнделмеуіне азаматтардың арыздануы себеп дейді ол.
- Бұл кісі шағым түсірген. Балаларымның барлығын полицияға қаматқан. Әкесіне істемеймін деп айтқанмын. Неге дегенде "сенің балаларың маған 800 мың теңге айыппұл арқалатты, сол себепті көлігіңді жөндеуден бас тартамын" деп айттым, - дейді көлік жөндеуші Дінмұхаммед Орынбаев.
Тұтынушылардың ақшасын алып, оларға дұрыс қызмет көрсетпеген орталыққа жазылған арыздың неге қысқарып кете беретінін қалалық полиция басқармасы былай деп түсіндірді.
- Азаматтардың арызы бойынша Абай АПБ тексеру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде оқиғада қылмыс құрамының болмауына байланысты жайт бойынша Азаматтық сотқа шағымдануға болатыны түсіндірілді, - деді Шымкент қаласы Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Бағлан Исатаева.
Алдандық деген тұрғындар енді сотқа арызданып, өздерін сан соқтырған орталықтың жұмысын тоқтатпақ ниетте.
Назерке Үкібасова, Александр Крапивкин «Алматы» телеарнасы, Түркастан облысы
Оқи отырыңыз: Көліктің алдыңғы терезесін қараңғылауға рұқсат берілуі мүмкін