Сонымен қатар, оның лауазымды қызметте болуына өмір бойына тыйым салынды
Экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлына сот үкімі шықты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Астана қаласының №2 Байқоңыр аудандық сотының судьясы Бағлан Ыдырысов бұрынғы министр Арыстанбек Мұхамедиұлына шығарылған сот үкімін оқыды. Ол 8 жылға бас бостандығынан айырылды.
Айта кетейік, 2022 жылғы мамырда Арыстанбек Мұхамедиұлы қамауға алынғаны белгілі болды. Ол кезде Мұхамедиұлы ұлттық музейді басқарып тұрған еді. 28 мамырда сот санкциясымен Мұхамедиұлына қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы тағайындалды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет "Әлем мұражайлары бойынша "Алтын адам" шеруі" халықаралық көрмесін өткізу бойынша мемлекеттік сатып алу туралы шарт шеңберінде 146 миллион теңге мөлшерінде бюджет қаражатын жымқыру дерегіне қатысты ұлттық музейдің лауазымды тұлғаларына және басқа да адамдарға қатысты тергеуді бастады.
Шілдеде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігі өкілдері ұлттық музейдің бұрынғы басшылығына және басқа да адамдарға қатысты 2017-2018 жылдары "Ақпараттық ресурстарда нысандарды танымал ету үшін жалпыұлттық тізбеге енгізілген нысандардың 3D-модельдерін құру" жобасын іске асыру кезінде аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын ұрлау дерегі бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Ресми деректер бойынша тергеліп жатқан қылмыстық істер бойынша мемлекетке келтірілген залалдың алдын ала сомасы шамамен 7 миллиард теңге болады.
Биыл қаңтарда бұл іске қатысты жаңа деректер пайда болды. Ұлттық музей директорының бұрынғы орынбасары Алмаз Нұразханның да қамауға алынғаны белгілі болды. Ал биыл ақпанда Арыстанбек Мұхамедиұлын қамауда ұстау мерзімі екі айға ұзарды. Бұған дейін прокурор Мұхамедиұлын тоғыз жылға бас бостандығын айыруды сұраған болатын.