Алматыда мұқтаж отбасыларға байланыссыз әдіс арқылы азық-түлік жеткізіле бастады

Almaty.tv
Almaty.tv
Енді жеткізу қызметіне арнайы курстан өткен, көліктері бар курьерлер кіреседі
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда әлеуметтік осал топтарға ерекше көңіл бөлініп жатыр. Бүгін Елбасы бастаған «Біз біргеміз» акциясы аясында «Қазпошта» компаниясы аз қамтылған отбасыларға байланыссыз азық-түлік тасуды бастады. Бұл дегеніміз, тауарды алушы мен курьер бір-бірімен сөйлеспейді деген сөз. Азық-түлікті тасушылар тауарды есікке қойып кетеді. Кейін мұқтаж жандар себетті өзі алады.

Есте болса, осыған дейін карантин кезінде қауіпсіздік үшін еріктілердің тасымалдау жұмысы уақытша тоқтатылған болатын. Енді жеткізу қызметіне арнайы курстан өткен, көліктері бар курьерлер кіреседі.

«Алматы қаласы бойынша күніне 1 мыңға жуық отбасыға «Қазпошта» тасымалдаушылары арқылы азық-түлік себеттері жеткізіліп жатыр. Әлеуметтік көмекті көрсету қолға алынды. Жалпы, жоспар бойынша 18 мыңнан астам мына отбасын осындай арнайы әлеуметтік көмекпен қамтамасыз ету жоспарланған. Келіп отырған үйге звонокты басып отыруға, 1,5-2 метр артқа шегінеді. Қабылдап алушы қабылдап алады. Кейіннен барып, үйлерге де солай таратылатын болады», - деді Алматы қалалық «Jas Otan» жастар қанатының төрағасы Мәди АХМЕТОВ.

Сондай-ақ, республикалық қаражаттан азық-түлік алуға 2 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 5300 теңге 1-ші, 2-ші топтағы мүгедектерге, 16 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі балаларға беріледі. Жуық арада дәл осындай соманы 3-ші топтағы мүгедектер мен ресми түрде жұмыссыз деп тіркелгендерге беру қарастырылып отыр. Мамандар әлеуметтік көмек жан-жақты көрсетіліп жатқанын айтады. Оны қолдарына азық-түлік алғандар да растайды. Бүгін оларға 4 себет бұйырды. Онда азық-түлік өнімдерінен бөлек, антисептик құралдары да бар.

«Осындай көмек беріп, біз сияқты мұқтаж жандарға көмектескендеріңіз үшін көп балалы әке ретінде рахметімді айтамын. Еліміз тыныш болсын, аспанымыз ашық болсын! Мына қиын заман өтіп кетсін!», - дейді көпбалалы әке Мәлік ТҰРСЫНҒОЖАЕВ.

Алматы әкімдігі бір реттік әлеуметтік төлемді 18 мың адамға беруді көздеп отыр. Оның қатарында Ұлы отан соғысы ардагерлері, оған теңестірілген азаматтарға және тыл ардагерлеріне беріледі. Ал көмек тимей қалғандар азық-түлікпен қамтылады. Бұл санатқа жалғызбасты зейнеткерлер және 2019 жылдың соңына дейін әлеуметтік төлем алып, кейін Жаңа жылда талапқа сай келмей қалғандар кіреді.

Жадыра Омаржан, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров