Мереке қарсаңында Алматыда отшашу мен пиротехникалық ұшқыннан жапа шеккендер саны артып кетеді дейді дәрігерлер, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Олардың айтуынша, қолы мен көзін күйік шалып, отшашу жарықшағынан жарақаттанғандардың басым көбі – қауіпсіздікті елемегендер. Енді мамандар жалпақ жұрт жарылғыш заттардан аулақ болғаны дұрыс деп дабыл қағып отыр.
«Негізі, қалада пиротехникаға байланысты күйік шалатындардың көбі Жаңа жыл қарсаңында, Жаңа жыл мерекесінен кейін түсіп жатады. Олардың көбінесе қолын, бетін 2-3 дәрежелі күйік шалады. Қазір пиротехника дамыған сайын, алған жарақат та ауырлап барады», – дейді №4 қалалық клиникалық ауруханасы күйік бөлімінің дәрігері Елдос Әлменов.
Ал жауған қар салдарынан тайып құлап, майып болатындар да қазір ауруханаға жиі жүгінетін болған. Мәселен, тәулігіне 90 адам тіркелсе, оның 10 пайызы ауыр жарақат алып, төсекке таңылып қалады екен. Тайғақ тасжол мен қаладағы қардан зардап шеккендердің дені қаңтар мен ақпан айында келіп түседі дейді дәрігерлер.
«Соңғы уақытта қыс басталғалы травматология бөлімінің қабылдау бөліміне тайып құлаған, аяғын, басын жарақаттап алғандар көптеп түсіп жатыр», – деді №4 қалалық клиникалық ауруханасының травматолог-дәрігері Бердібек Қалиддин.