Жетісу өңірінде тазы ит генетикасын зерттейтін орталық ашылады

фото: aikyn.kz
фото: aikyn.kz
30 гектар аумаққа зертхана, әкімшілік ғимарат пен жатақхана салынады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жетісу облысында тазының генетикасын зерттейтін орталықтың құрылысы басталды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі. 

Республикадағы бұл тұңғыш нысан былтыр қабылданған «Қазақы ит тұқымын сақтау» туралы заң аясында жасалып жатыр. Одан бөлек, жыл соңына дейін тазының патентіне қатысты халықаралық сарапшылардың шешімі жарияланбақ.

Тағдыры таразыда тұрған тазы ит тұқымын көбейту үшін Көксу ауданына қарасты Айнабұлақ ауылының маңында арнайы орталық салынып жатыр. Жалпы аумағы 30 гектар болатын нысанда зертханадан бөлек, әкімшілік ғимарат пен жатақхана да бой көтеретін көрінеді.

- Құрылыс қарқындары жаман емес. 2023 жылы қыркүйекте басталды. Қазір ғимарарттың бірталай жұмыстары жасалды. Нысан басында 94 адам жүр. Барлығы да жұмыспен қамтылады деп жатыр, құрылыста біздің ауылдың азаматтары жүр, - дейді Айнабұлақ ауылдық округінің әкімі Мәулен Бәзілов.

Бұл жаңалыққа қырда құс ұшырып, құмай жаратып жүргендер қатты қуанып отыр. Айтуларынша, қазір араб пен ағылшынның, қырғыздың итімен шатысып, қаны бұзылған дүбара тұқым көбейіп кеткен. Ал, төл тазымызға тән қанды анықтайтын ғылыми орталық керектігі көптен бері айтылып келіпті. Жаңа орталық иттің генетикалық сапасын тексеріп,  селекциялық сараптамалар жүргізетін, әрі оны жинақтайтын ғылыми база болуы керек.

- Бұл - жақсы бастама. Жетісу облысындағы салынып жатқан  орталық нағыз құмай тазыларды өсіріп, өндіретін, сапалы тұқым шығаратын орталық болады деп күтудеміз. Ұлттық бекзат өнерімізді дамытуға үлкен үлес қосады деп үміттенеміз, - дейді «Жетісу саятшылары» облыстық ұлттық спорт федерациясының президенті Бүркітбай Файзолла.

Бала күнінен ит жүгіртіп жүрген Мергенбай ақсақал таза қанды құмайды желмен жарысқан жүйріктігінен, ептілігінен жазбай тануға болады деп санайды. Саятшының түлкі-қоянды құйындай соғатын, тіпті арқар мен қасқырға шабатын тазылары бар. Соның бірі – Желтабан. Аңшыларша айтсақ, ол үш қар басқан. Әрі күшіктері Лашын мен Тұйғынның да тынысы ашылып келеді.

- Қазақтың тазысы шашақ құлақ болады, оны жарғақ құлақ дейді. Жарғақ құлақ деген құлағы тықыр, жатыңқы. Төсі салыңқы, бармақтары ұзынша келеді. Кейбір жігіттер грейхаунд, "борзая" деп атайды. Солармен шатыстырады. Қазақтың таза тазысын шығару үшін орталық керек деп санаймын, - дейді саятшы Мергенбай Аманжолов.

Айта кетейік, жуырда халықаралық кинология федерациясы мен әлемдік сарапшылар Қазақстанға келді. Мамандар құмайдың шыққан тегін анықтауды мақсат етіпті. Ал, жұмыс қорытындысына сәйкес, тазы қазақтікі деп бекітіле ме, жоқ па, әзірге белгісіз. Нәтиже жыл соңында шығады. Осы тұста қоса кетейік, кинологтар одағының мәліметінше, елімізде 3500-дай тазы ресми тіркелген екен. Бірақ қазақ даласында олардың саны бұдан әлдеқайда артық. Ал итбегілер құрылысы басталған жаңа орталық ашылса, нағыз құмай тазының стандарты бекітіледі деген үмітте.  

Меруерт Сабыртай,  Мирас Анитов, «Алматы» телеарнасы, Жетісу облысы.

Оқи отырыңыз: Уақыт пен өнімді шығындамайтын технология: күріш сынақтан өтті

Новости партнеров