Елімізде зейнет жасына жақындағандарға «Күміс жас» жобасы іске асырылады

Almaty.tv
Almaty.tv
60 жасқа таяған қазақстандықтардың жұмысқа орналасуы аса қиын екенін ескере отырып, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі арнайы жоба әзірледі
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде «Күміс жас» жобасы басталады. Мемлекеттік бағдарлама тұрақты жұмысы жоқ, зейнет жасына жақындаған азаматтарға арналған. 60 жасқа таяған қазақстандықтардың жұмысқа орналасуы аса қиын екенін ескере отырып, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі арнайы жоба әзірледі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматылық Светлана Цойдың тұрақты жұмысы жоқ. Зейнет жасына жақындаған. Бұған дейін түрлі жерде еден жуып, қоғамдық жұмыстарға араласып нәпақасын тауып келіпті. Бейнетінің зейнетін көретін шаққа келген кезде мемлекеттік бағдарламаның басталатынына қуанышты.

«Біздің жастағы адамдарды көп жағдайда жұмысқа қабылдамай жатады. Қазір жекеменшік компанияда жұмыс істеймін. Зейнет жасына шыққан кезде алатын ақшам мардымсыз болады деп уайымдағанмын. Енді «Күміс жас» бағдарламасы арқылы біздердің сұрауымыз ескеріліп жатыр», – деді қала тұрғыны Светлана Цой

Қазір аталған бағдарламаның қаржыландыру тәртібі реттеліп жатыр екен. Сала мамандарының хабарлауынша, бағдарлама қыркүйекте басталады деп күтілуде. Қалада бұдан өзге жас мамандарды жұмысқа орналастыру мәселесі де өзекті. Ол үшін 3 бағдарлама бар.

  1. Жастар Практикасы - оқуын жаңа аяқтаған жас маман 1 жыл көлемінде өз мамандығы бойынша жұмыс істей алады. Жалақы 40 айлық есептік көрсеткіш көлемінде. Кейіннен сол мекеме маманның жұмыс істеу қабілетіне қарай оны тұрақты қызметке орналастырса болады.
  2. Алғашқы жұмыс орны бағдарламасы 29 жасқа дейінгі жастарға арналған. Бұл бағыт бойынша жоғары білімі бар адам 1,5 жыл көлемінде бір кәсіпке бейімделсе болады. Жалақы 30 айлық есептік көрсеткіш.
  3. Ұрпақтар келісімшарты. Зейнетке шығуыны 6 ай қалған білікті маман өзінің орынына жас маманды дайындайды. 6 ай аралықта білгенімен бөліседі, жұмысының қыр-сырын көрсетеді. Осылайша, жас маман жұмысқа тұрады. Ал, уақытылы зейнетке шығады.  

Жұмысқа тұруға ниетті кез келген адам өзінің түйіндемесін enbek.kz электронды порталына енгізсе болады. Қаладағы түрлі жекеменшік ұйымдар мен мемлекеттік мекемедегі бос жұмыс орындар туралы мәлімет те осы сайттан табылады.

«Еңбек нарығында сұраныстар көп ие мамандықтар тізімі ол сауда-саттық саласында, қызмет көрсету саласында. Қыркүйек айында жаңа оқу жылы басталған кезде пән мұғалімдері керек. Балабақшаларға тәрбиешілер керек. Статистика бөлімдеріне қазіргі таңда есепшілер керек», – деді Халықты жұмыспен қамту орталығы бөлімінің маманы Гүлзинат Мейірбекова.

Айта кетейік, Алматыда 16 мыңнан астам адам жұмыссыз ретінде тіркелген. Олардың 10 мыңы ауланы абаттандыру мен қоғамдық жұмыстар секілді уақытша қызметпен қамтылған.

Ұлағат Арғын, Сағынтай Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров