Қараой тұрғындары бұқара мен билік өкілдерінен араша сұрап, мәселенің тез арада шешілуін талап етуде
Алматы облысында газ тартылған Қараой ауылының тұрғындарының күні көмірге қарап отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Өйткені көгілдір отынның қуаты үй жылытпақ түгіл, шәйнек қайнатуға әзер жетіп отыр. Оған қоса, халық газдың сапасыздығынан опық жеп отырғанын жеткізді. Құбыр сүзгісі айына бірнеше рет бітеліп, тазартқанда айнала көк түтінге айнатын көрінеді. Үйлерінде бүрсең қағыр отырған халықтың мәселесін мердігер компания мен жергілікті билік өкілдері шешуге асықпайтын көрінеді.
«Биыл газдың сапасы нашар. Шәй 10 минутта қайнайды. Үйде мүлде жылу жоқ», – деді Қараой ауылының тұрғыны Құралай Тырнабаева.
Қыс түссе, Қараой тұрғындарын қымбатшылық қос бүйірден қысады. Газ қысымының тұрақсыздығынан халық тонналап көмір алып, тоқ пештерін жаңартып, ескісін жөндеуге қыруар қаражат жұмсайды. Ауыл ақсақалы Тұрдығазы Мұхамеджанов қыс бойы бірнеше есе қымбат тариф төлеп, жылыну үшін қосымша құралдар алып әбден шаршаған.
«Қайта-қайта өшіргеннен пешіміз істемей қалды. Жөндетіп шаршадық. Қыруар ақшамыз кетті. Мен сияқты осындай күйде қаншама адам отыр», – деді Қараой ауылының тұрғыны Тұрдығазы Мұхамеджанов.
Жылудан тарыққан жұрттың жанайқайын жергілікті билік өкілдері тыңдауға келді. Бірақ мардымды жауап ести алмадық. Бар айтқандары, «біздің әкімдікте жылу бар, мәселе тек 50 үйде шығар, оны зерттеу керек» деп шағымды мердігер қомпанияға ысырды.
«Қосымша газ құбырын тартқандықтан, қысым жеткіліксіз болып тұрған шығар. Мүмкін барлық үйде емес, кейбіреуінде болар. Оларды аралап тексеріп көру керек», – деді Қараой ауылдық округінің әкімі Қайрат Ортыбаев.
Газ мәселесі бойынша жиынға «АлматыГазСервис-Холдинг» компаниясының өкілдері сол бойы келген жоқ. Сарыла күткен халықтың шақыртуын да, қоңырауын да елемепті. Күні бойы хабарласқан тілшілерге тек кешке жақын былай деп жауап қайтарды.
«Пешіңіз жанып тұр, тағы қандай мәселе мазалап тұр десек, менің үйім жылымайды дейді. Енді үйдің жылымауына бірнеше себеп бар ғой», – деді «АлматыГазСервис- Холдинг» АҚ қызметкері Ерлан Тойжан.
Тағы бір айға созылып бара жатқан қыс жығылғанға жұдырық болып тұр. Қараой тұрғындары бұқара мен билік өкілдерінен араша сұрап, мәселенің тез арада шешілуін талап етіп отыр. Алайда құзырлылар бұл мәселеге қатысты мардымды жауап айта алмады.
Әйкерім Пернебек, Әлішер Ерғалиұлы, «Алматы» телеарнасы