Редакциямызға жүгінген әйелдің бармаған жері, қақпаған есігі қалмапты
Ақтөбеде өзі тірі болса да, есімі о дүниеліктер тізімінде жүрген келіншек бар. Жетінші баласын көтерген көпбалалы ана 2 жылдан бері жаны тәнінде екенін дәлелдей алмай келеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Редакциямызға жүгінген әйелдің бармаған жері, қақпаған есігі қалмапты. Алайда түйткілдің шешілетін түрі жоқ. Енді соның салдарынан қазір құрсақтағы сәби ертең дүниеге келсе перзенттің құжатын алу қиынға соғайын деп тұр.
Ойда жоқта о дүниеліктер қатарынан бір-ақ шыққан Бота қазір 38-ге келген. Бүгінде 6 бала тәрбиелеп отырған «күміс алқалы» ана. Айтуынша, ол өзінің марқұмдар тізімінде екенін осыдан 2 жыл бұрын ауруханаға жүгінгенде бірақ білген. Адам шошырлық хабарды дәрігерлер естірткен.
«2021 жылы қаңтарда алып отырған жәрдемақым түспей қалды. Сол кезде өлгендердің қатарында тұрғанымды білдім. Оған аудандық полиция қызметкерлері кінәлі. Тегі бірдей адам қайтыс болған, бірақ менің мәліметімді жазып жіберген», – дейді көпбалалы ана Бота Қартбаева.
Бота қазір жетінші баласына жүкті. Көпбалалы анаға дәрігерлер тиісті көмегін көрсетіп жүр. Бірақ оларда да ертең нәресте дүниеге келсе, құжатын алуда қиындықтар болады деген алаңдау бар. Себебі әйелдің аты науқастар тізімінде де марқұмдар арасында жүр екен.
«Электрондық тіркеу базасынан ЖСН арқылы қарағанда, пациенттің «қайтыс болғаны» анықталды. Сол уақыттан бастап біз өз тарапымыздан денсаулық сақтау басқармасына, полицияға және денсаулық сақтауды дамыту басқармасына хат жолдадық», – деді Қарғалы қалалық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Күмісай Байболатова.
Бұл олқылықты түзеуге бір дәрігердің күші жетпес. Сондықтан отағасы құзырлы органдарға немесе адвокат жалдап сотқа жүгінуі тиіс. Қызметкерінің оңбай қателескенін Полиция департаменті де растады.
«Куәгерлер қате дерек бергені анықталып, 3 тәулік ішінде барлық инстанцияға сауалнамалық дерек жіберілді. Қазіргі уақытта өзгеріс енгізу үшін Денсаулық сақтау министрлігіне хат жолданды», – деді Полиция департаменті баспасөз қызметінің басшысы Ерболат Сарқұлов.
Бірақ азаматтармен жұмыс істейтін мемлекеттік органдарда дәл осы мәселені дереу шешетін нақты жоспары болмай тұр. Мамандар «өлгендерді тірілту» оңай шаруа емес дейді.
Оразай Нұртайұлы, Жомарт Құдайбергенов, «Алматы» телеарнасы