Астанада ҚХА Этножурналистика саласындағы "Шаңырақ" республикалық шығармашылық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Stan.kz редакциясы байқауда бірінші орынды иеленді.
Байқау Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі және "Қоғамдық келісім" РММ ұйымдастыруымен өткізілді.
Оның мақсаты – дарынды журналистерді анықтап, олардың қоғамдық келісім мен бірлікті нығайтуға және қазақстандық этножурналистика саласын дамытуға қосқан үлесі үшін ынталандыру.
Байқау барысында мемлекеттік тілдің қызмет аясын кеңейтуге және жас ұрпақты қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеуге бағытталған үздік авторлар іріктелді.
Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов журналистер қызметінің маңыздылығын айта келе, әсіресе, этносаралық қатынастарды, сонымен қатар қазақстандық келісімнің ерекше үлгісін насихаттауда ықпалы зор екендігіне назар аударды.
Марапаттау рәсіміне Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің ҚХА Хатшылығының меңгерушісі М. Әзілханов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты С. Абдрахманов, ҚР АҚДМ Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғ. Шойкин, "Қоғамдық келісім" РММ директоры Қ. Майгельдинов, ҚХА Журналистер клубының төрағасы А. Кеңесұлы, журналистер, республикалық және облыстық БАҚ тілшілері қатысты.
Айта кету керек, Stan.kz редакциясы екі бірдей жүлдеге ие болды. Алматы облысындағы редакция тілшісі Гүлмира Садық 3-орынды иеленсе, бас редактор Назерке Мұса байқаудың бірінші орнын қанжығасына байлады. Байқаудың бас жүлдесі "Сарыарқа" облыстық телеарнасы тілшісіне табысталды.
Байқауда 200-ден аса журналистер мен тілшілер қатысқан.
Айта кетейік, байқауда "Хабар 24", "Каспийская коммуна", "Азаттық рухы", "Маңғыстау" облыстық газеті, “Деловой Казахстан” сияқты басылымдары мен БАҚ-тары бой көрсетті.