Алматыда «Аналар көктемі» атты ауқымды әлеуметтік науқан іске қосылды. Үш айға созылатын акцияда әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға, көпбалалы аналарға қолдау көрсетіледі, деп хабарлайды Almaty.tv.
Медеу ауданындағы «Бақытты отбасы» әлеуметтік аналар орталығының бастамасымен қолға алынған шара аясында аналар ашқан шағын бизнес нысандарға саяхат жасалып, ашық кездесулер өтпек. Кәсіптік бағдар беру орталығында өмірдің қиын кезеңінде қалған нәзік жандарға тігіншілік курстары, салон қызметтері, тамақ әзірлеу, балалармен жұмыс жасау сияқты қызметтер оқытылады.
«Біздің орталықта үлкен жұмыс атқарылды. 6 мыңнан астам әлеуметтік көмек көрсетілді. Көпбалалы отбасыларға, аналарға арналған кәсіптік оқыту жүргізілді. Өз бизнесін ашып, жұмысқа тұрғандар қаншама. Енді аналардың өміріндегі шиеленіскен мәселелерді шешуге қатысты жұмыстар жүргізуді бастағалы отырмыз», – деді "Бақытты отбасы" әлеуметтік аналар орталығының жетекшісі Жұмагүл ТӘЖІБЕКОВА.
Арнайы жиын өткізген әлеуметтік қызметкерлер көпбалалы аналарға қоғам болып көмек беруіміз қажет деген пікірде. Әлеуметтік әлжуаз топтармен жұмыс істеп жүрген мамандар бір үзім нан таба алмай отырған көпбалалы отбасылардың көп екенін алға тартты. Алматыда жалпы 24 мыңнан астам аз қамтылған отбасы тіркелген. Оның 14 мыңнан астамы көпбалалы.
«Тағдыр тәлкегіне түскен әйелдердің көбісі жұмыссыз, қарызға белшеден батып, несиесін төлей алмай қиналады. Мен бүгін еліміздегі екінші деңгейлі барлық банктерді осы мәселеге назар аудартқым келеді. Банктер өздерінің проблемалық салымшыларына көмек көрсетсе дейміз. Яғни көпбалалы аналардың есепшоттарын ашуды сұраймыз», – деді "Rahym әлеуметтік орталығы" қоғамдық қорының жетекшісі Бибігүл ШЕРӘЛИЕВА.