|
10.10.2019 | 19:53
2081

«Нұршашқан» ықшамауданы жарықсыз отыр

2018 жылы негізгі 3 магистралды көше жарықтандырылған, қалған көшелер әлі жарықсыз

«Нұршашқан» ықшамауданы жарықсыз отыр

Түрксіб ауданына қарасты «Нұршашқан» ықшамауданында барлығы 43 көше бар, оның қашықтығы 18 шақырымды құрайды. Бұл ықшамауданда жарықтандыру мен жолды жөндеу жұмыстары 2018 жылы бастау алған. Жоспарланған жұмысты жыл аяғына дейін бітіру көзделгенімен, көшелердің басым бөлігі сол күйі жатыр.  Тіпті, ықшамауданның ғана емес, көшелердің атауларын да бірнеше мәрте ауыстырғаны тұрғындарды мезі қылған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Көшелердің атын әрдайым ауыстырып отырады. Біреулер, қонақтан алыстан келгендер бәленше көше қай жерде еді десе, білмей қаламыз. Әйтеуір, ауыстырады да тастайды», - дейді тұрғындардың бірі Аблимет ДАУТОВ.

Ықшамаудандағы Кожамьяров көшесінің 62 жастағы тұрғыны Аблимет осында тұрып жатқанына 20 жылдан асқан. Көшеге жарықтандыру жүйесі орнатылды дегені болмаса, электр бағандары мүлдем ауыстырылмаған дейді. Тек қуат жүретін сымдарды ескі ағаш бағандарға іліп кеткен. Күнделікті көшеде өтетін халықтың өмірі үшін қауіп те тудыруы мүмкін дейді тұрғын.

«Сымдарын ауыстырды, бірақ әлгі оқшаулағыштың үсті ашық, жаңбыр өтсе,  тұйықталып, жарық өшеді де һ қалады. Одан кейін түнде көшелерде жарық жоқ бізде. Мына бағандарға кемі 30 жыл болған шығар, шіріп, құлайын деп тұр», - деді Аблимет ДАУТОВ.

Кожамьяров көшесіне су құбырлары да жаңадан жасалған. Бірақ қайта-қайта жарылған құбырлар жаңа асфальттың тас талқанын шығарған. Ықшамауданның 30 көшесінде жолды жөндеу жұмыстары жүргізілген болса, оның 13-і әлі жасалмаған. Ал, 2018 жылы негізгі 3 магистралды көшеде жарықтандыру жүргізіліп, қалған көшелер жарықсыз қалып отыр.

"Көше бойында жарық жоқ, Талғар ауданынан Түркісіб ауданының электр торабына ауыстырамыз деген. Ауыстырған жоқ әлі. Көшелер тас қараңғы», - дейді зейнеткер Раушанбек МАТКАРЕМ.

Ықшамауданның Саңлақ көшесінде жолдың жөндеу жұмыстары мүлдем жүргізілмегендіктен, жылдың төрт мезгілінде тұрғындардың көзі шаң мен батпақтан ашылмайтын көрінеді.

«Не асфальт төселмеген, не шам жоқ. Бәрі жекеменшікке өтіп кеткен, мемлекеттік жарық мүлдем кіргізген жоқ», – деді Иминжан ИСЛАМОВ.

Түркісіб ауданына қарасты «Нұршашқан» ықшамауданынының Саңлақ көшесінде жарық жүйелері дұрыс жүргізілмегендіктен, көше кешкісін тас қараңғы және жолдар мүлдем жөнделмеген.  Тіпті, Құлжа тасжолында кептелісте тұрғысы келмейтін жүргізушілер осы көше бойымен қалаға тікелей қатынайды екен. Соның салдарынан жолдың бойы ойық-ойық болып та қалған.

«Халық өзі ақша шығарып, осы асфальтті жөндеп қойды. Алайда жарық жоқ. Балалар таңертең ерте мектепке барады - қараңғы. Кешке кеш келеді - қараңғы, көрінбейді», - дейді Асан АМЕТОВ

Ал, Түркісіб ауданының әкімдігі жөндеу жұмыстары әлі жалғасып жатқандығын айтады. 2020 жылдың соңына дейін ауданды жарықпен, арық желісімен, тротуармен және асфальтпен толықтай қамтамасыз ету көзделіпті.

«Нұршашқан» ықшамауданындағы 3 көшеге жарық шамдары орнатылған. Бүгінде Энергетика басқармасы инженерлік-коммуникациялық желілерді жөндеу бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуде. Және де энергетика басқармасымен  жоба жасалынды. Қаржы  бөлінгеннен кейін жарықтандыру және тротуар мен жаяу жүргіншілер жолының құрылысын 100% қамтитын құрылыс-монтаж жұмыстары  2020 жылдың соңына дейін жүргізіледі деп күтілуде», - дейді Алматы қаласы Түрксіб ауданы көріктендіру бөлімінің бас маманы Сәкен БАЯСЫЛ.

Аяулым Көлжігіт, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир