|
08.08.2022 | 19:53
10218

Алматы облысының Кеген - Қайқы асуындағы жолмен жүру мүмкін емес – тұрғындар

Облыс әкімі сала мамандарына олқылықты түзету керек деп тапсырма берді

Алматы облысының Кеген - Қайқы асуындағы жолмен жүру мүмкін емес – тұрғындар Аlmaty.tv

«Құрылысы кешеуілдеп, көпшіліктің наразылығын тудырған Алматы облысының Кеген - Қайқы асуындағы жолмен қазір жүріп өту мүмкін емес». Осылай деп шағым айтқан жұрт жуырда бұл жолды жауып тастап, жедел жөндеуді талап еткен еді. Көптен күрделі жөндеу көрмеген күре жолға Алматы облысы әкімі Марат Сұлтанғазиев арнайы барып, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ  өкілдеріне ескерту жасады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Тас жолдан тарыққан тұрғындар қала арасын жалғайтын жалғыз жолымыз жөндеу көрмегелі жылдардың жүзі болды деп желіге жанайқайын жүктеген еді.

«Кеген ауданындағы республикалық маңызы бар «Көкпек-Кеген-Түп» автокөлік жолының проблемалық құрылысы сонау 2017 жылы басталған»,- деді тұрғындар.  

Күре жолдың жөнделуінен күдерін үзген кегендіктер, Алматы-Кеген арасына такси болып күнелтеді. Олардың айтуынша, ойқыш жолдың ортасында жиі қалады.

«Қайқы асуымен мына Кегеннің ортасы әлі жасалмай тұр ғой. Алдыңғы жылы әне бастайды, міне  бастайды деді. Қалды», – деді Кеген ауылының тұрғыны Саят Өжетұлы

«Алматыға қарай жол нашар, жүре алмайсың. Текпілеп, біз секілді сексен-тоқсанға келген адамдар белімізден түк қалмай, барып келгенше өліп қала жаздаймыз», – деді Нарынқол ауылының тұрғыны Қожабек Анапияев.

Ал аталмыш жолға жауапты «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Алматы облыстық филиалы өкілдері аталған құрылыстың созылып кеткенін мойындап отыр. Алайда жөндеу жұмыстары кешеуілдеуінің себебін нақты түсіндіре алмады.

«ІскерТ» мердігер компаниясы жұмысты жөндеп жүргізбеуіне байланысты созылып кетті.  Ауа-райы да ерте қыс түскеніне байланысты 15 км-дің 5 км ғана жасап үлгерді», – деді «Қазавтожол» АҚ директорының орынбасары Өмірзақ Ерембаев..

Райымбек, Кеген аудандарына арнайы іссапармен барған облыс әкімі шаңы шығып, шың басына шыққанша шырқыңды бұзатын 10 шақырымдық Кеген асуымен өзі де жүріп өтті. Сала мамандарына олқылықты түзету керек деп тапсырма берді.

«Минстрлікке хат жолданып, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның жұмысын пысықтау керек болып тұр. Кеше бұл жолмен жүріп көрдік, жалпы алдындағы 15 шақырым, кейінгі бер жағындағы 49 шақырым да, тек қана орташа жөндеуден емес, күрделі жөндеуден өту керек деп есептейміз», – деді Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев..

«Көкпек-Кеген-Түп» автомобиль жолының 41-53 шақырым аралығы, яғни «Ақсай» жолының жалпы ұзындығы 12 км. Оны жөндеу жұмысы  2021 жылы басталған. Алайда аталған шаруа тоқтап қалып,  мердігер мекемемен келісімшарт бұзылған екен. Енді жол жөндеуді қайта қолға алуы үшін басқа да компаниялар конкурсқа түсіп жатыр дейді мамандар. Әзірге тендерге түскен тас жолдың мәселесі нақты шешімін тапқан жоқ.

Әлібек Шынтемір, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир