Алматыда «Гелендваген» көлігімен желдей жүйткіп, 3 адамның өмірін қиған Ильяс Кардың соты жалғасуда. Бүгінгі сотта қайғылы оқиға болған күні күдіктімен бірге жаңажылдық отырыста көңіл көтерген куәгерлерден жауап алынды. Сондай-ақ, сот-медицина сарапшысының сөзі тыңдалды. Ол сараптама кезінде Кардың қанынан не себепті ішімдіктің анықталмағанын түсіндіріп берді. Айтуынша, апат болған жерден қашып кетіп, бір тәулік өткен соң бір-ақ қолға түскен сотталушының мастығы тарап, қаны алкогольден тазарып шыға келген. Сонымен, жантүршігерлік апатты қолдан жасаған Кар рөлге мас күйінде отыр ма? Тақырыпты екі тарапты тыңдап қайтқан Almaty.tv тілшісі тарқатады.
«Жәбірленуші тарап жалған сөйледі!» Бүгінгі сот отырысы жол талғамайтын көлігімен желдей жүйткіп, 3 адамның өмірін қиған Ильяс Кардың әйелінің осындай мәлімдемесімен басталды. Келіншек кеше ғана марқұмдардың туыстарының бұқаралық ақпарат құралдарына берген жауабын жоққа шығарды. Қайғыдан қан жұтқан жәбірленушілер Кардың тарапынан осы уақытқа дейін ешкімнің кешірім сұрамағанын айтқан еді. Бірақ сотталушының жары қаза тапқандардың әрқайсының отбасына барып және апаттан аман қалған Айзада Сатыбалдиеваның да туыстарынан кешірім өтінгенін алға тартты. Тіпті, оларға қаржылай көмек көрсетуді ұсынғанын айтты.
«Әулетіміздің үлкендері жәбірленушілердің әрқайсының туыстарына барып, кешірім сұрады. Қаржылай көмек көрсетуді ұсындық. Бірақ барлығы қолымызды қайтарды. Қаза болған такси жүргізушісінің машинаны несиеге алғанын естідік. Сол несиесін жауып беруге де дайын болдық», – деді сотталушының жары Альбина МЕНЬЯНОВА.
Сондай-ақ, сотқа қайғылы оқиға болған күні Ильяс Кармен бірге жаңажылдық отырыста көңіл көтерген досы шақыртылды. Прокурор одан көңілді отырыстың жай-жапсарын сұрағаны сол еді, куәгер «мас болғаным сонша, оқиға еміс-еміс есімде» деп құзырлының қытығына тиді. Мемлекеттік айыптаушы Шакир Жумазовтың сотқа дейінгі берген жауабын мысалға келтірді. Куәгер онда Ильяс Кармен бірге стакан соғыстырып, ішімдік ішкенін мойындаған екен. Алайда, сот алдында бұрынғы жауабынан үзілді-кесілді бас тартып, Кардың қандай сусын ішкенін өз көзіммен көрмедім деп тайқыды.
Куәгер тергеу кезінде басқаша сөйлегенін басының қатты ауырғанымен байланыстырды. Айтуынша, ол тергеушінің алдына мас күйінде барып, оның қойған сұрақтарының барлығына келісе берген. Десе де, Кардың досына жалған жауап бергені үшін заңмен жазаланатынын ескерткен мемлекеттік айыптаушы келесі сот отырысына одан жауап алған тергеушіні беттестіруге шақыртуды талап етті. Судья прокурордың бұл өтінішін құптады. Артынша, сот-медицина сарапшысының сөзі тыңдалды. Ол сараптама кезінде Кардың қанынан не себепті ішімдіктің анықталмағанын түсіндіріп берді.
«4 қаңтар, жұма күні түстен кейін маған тергеуші сотталушының қанын өткізді. Ол күні біз сараптама жасамадық, өйткені сағат 4-ке дейін ғана жұмыс істейміз. Оның үстіне, басшылықтың қолы қажет болды. 8 қаңтар күні тиісті қол қойылып, маған тапсырма берілген кезде бір-ақ сараптама жасадым. Ол кезде қаннан ішімдік анықталмады. Жалпы, адам қанынан ішімдік 39 сағат өтіп кетсе анықталмайды. Сотталушы оның үстіне, 1 тәулік өткен кезде бір-ақ қолға түсті», – деді сот-медицина сарапшысы.
Айта кетсек, кеше Ильяс Кардың өзі тағылған айыптармен келіспеген еді. Ол мас болған жоқпын және жол апаты болған жерден қашпадым деп ақталған. Енді сотталушының алкоголь тұтынғаны немесе тұтынбағаны өзге куәгерлердің жауабы арқылы анықталмақ.
Еске сала кетейік, жол апаты 29 желтоқсанда Алматыдағы Абай және Сейфуллин даңғылдары қиылысында орын алды. «Гелендваген» көлігінің жүргізушісі жол ережесін өрескел бұзып, «Митсубиси» маркалы темір тұлпарды бүйірінен соққан болатын. Салдарынан жеңіл көліктің жүргізушісі мен екі жолаушысы сол жерде тіл тартпай кеткен еді.
Айдана Мейрамбайқызы, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы