Ауыл болғымыз келеді: саяжай тұрғындарының қалауына кім қарсы

10.01.2024 02:14

«Шиелі бақ» саяжайының тағдыры келесі тыңдалымда тағы қаралады

Almaty.tv

«Ауыл болғымыз келеді, бірақ саяжайдың бұрынғы басшылары кедергі болып отыр». Алматы облысы Ақтас ауылы маңындағы саяжайда мәртебе алу мәселесі бір аптадан бері дауға ұласып келеді. Қоғамдық талқылауға түскен ауылдың бас жоспарын тұрғындардың бір бөлігі мақұлдамай отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ақтастықтардың ауыл боламыз деген арманы жақындаған сайын, ел ішіндегі бірлігі ыдырағандай. «Мәртебе алмасақ мектеп пен балабақшадан, қала берді, инфрақұрылымнан қағыламыз» деген бұқараның көңілі алаң-елең.

– Бір жыл бұрын «Алматы» телеарнасы келіп кеткен. Сол жүгірістің арқасында Үкімет бізді тыңдады. Ауыл статусын береміз дегенде қайта мәселе шықты. Заң бойынша төраға 5 жыл отыруы керек болған. Оған да қарамай 10 жыл отырған, – деді саяжай тұрғыны Арайлым Мұсанова.

Ауыл мәртебесін алғымыз келеді деп жиналған мұқым ел әлі де бір шешімге кел алмай жатқанын жасырмайды.

Қазақстанның бар аймағында электр жарығына 25 теңге төлейді. Бізде 32, кейде 38-40 теңге төлейміз. Ал 60 теңгелік суға 120-180 теңге, қоқыс шығарғаны үшін 800 теңгенің орнына 1200 теңге төлейміз. Оның бәрі ақша ғой, сондықтан саяжайдың басшылары бергісі жоқ, – деді саяжай тұрғыны Құндыз Нұрмұханова.

Қарсылық қаладан емес, арадан шығып отыр деп ашынған ел осыған дейін саяжайды басқарған төраға «тағын» бергісі келмейтінін айтты. Тіпті бүгін төбе көрсетпеді. Тек ауыл статусы берілсе үйлер сүріледі деп пікір айтқан бір топ азамат өз ойын былай топшылады.

– Біз статус алуға қарсы емеспіз, үйлердің сүрілгеніне қарсымыз. Егер ауыл мәртебесі берілсе бас жоспар бәрімізге беріліп, таныстырылуы тиіс еді. Біз соған күмәнданып тұрмыз. Бүгін болмаса да, екі-үш жылда үйлер сүріледі, – деді ауыл тұрғыны.

Ал Талғар ауданы әкімі осыған дейінгі жиында үй сүрілу мәселесі қоғамдық талқылауға түскенін айтып отыр. Алайда азаматтардың ойын ескере отырып, бас жоспар қайта өзгертілгенін мәлімдеді. Бірақ қызыл сызықта қалған нысан болса, мемлекет мүддесі үшін сатып алынатынын айтты.

– «Шиелі бақ» елдімекенінде 12 линия 771 аула бар. Халық саны 2500-ден асады. Талғар ауданы Кеңдала ауылдық округіне қарасты Ақтас ауылы болады. Халықтың 90 пайызы келіссе, 10 пайызы қарсылық танытып отыр. Жеке пайдасын ойлағандар бар, – деді Талғар ауданының әкімі Таңат Айдарбеков

– Алматы төңірегінде Кеңес үкіметі кезінен саяжайлар пайда болған. Бүгінгі таңда 684 елдімекенге қосатын саяжай бар. Биыл 333 саяжай қосылды. Талғар ауданындағы мәселе әлі шешімін таппады, – деді облыстық Сәулет басқармасының басшысы Болат Мұсылманбеков.

«Шиелі бақ» саяжайының тағдыры келесі тыңдалымда тағы қаралмақ. Алайда билік өкілдері негізгі шешімнің қабылданып қойғанын және басым көпшіліктің дауысын ескере отырып ауыл мәртебесі бәрібір берілуі тиіс екенін тілге тиек етті. Ол үшін ортақ шешім мәслихатқа жолданады.

Әлібек Шынтемір, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Өзен арнасының жанында салынған тұрғын үй мәселесі қалай шешіледі