Көгілдір отын қымбат: Қарасай ауданына қарасты жеті ауылдың тұрғыны жиналып, наразылық білдіріді

Almaty.tv
Almaty.tv
Дүйім елді тыңдауға келген аудан әкімі де аталған жағдайдан хабардар екен
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысында көгілдір отынға көп ақша төлеп жатырмыз деген тұрғындар коммуналдық тарифке наразы. Бүгін Қарасай ауданына қарасты жеті ауылдың жұрты жиналып аудан басшылығына базынасын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Көгілдір отынның құны қалтамызға салмақ салды деген тұрғындар бүгін Шамалғандағы мәдениет үйінің алдына жиналды. Себебі көптің айтуынша газ бағасы қымбаттап кеткен. Олардың арасында коммуналдық ақыны бөліп төлеп жүргендер де бар екен.

«Зейнетақым тұтас кердит төлеймін. үйімнің квадрат 12 метр ғана, соған 25500  келіп отыр. Мен қайтіп төлеймін?! Пенсионермін», – деді облыс тұрғыны Мейрамбүбі Әбдісаттарова

Дүйім елді тыңдауға келген аудан әкімі де аталған жағдайдан хабардар болып шықты. Оның айтуынша, бәрін заң талаптары арқылы шешуге болады.

«44 мың теңге шығып тұр.Алдыңғы айда 27 мың теңге ғана. Бізде ешқандай пеште де, үйде де өзгеріс болған жоқ», – деді Шамалған ауылының тұрғыны Сержан Нұрәлімбаев

Жылуды жарытып бермесе де ай сайын ақысын уақытылы төлейміз деп ашынған жұрт, осы жолы бағаның екі есе қымбаттағанын айтады. Мәселен осы жолы төлегені бір айға 47 мың теңге.

Ал, Клара Қарабекова есімді ананың жуырда үйі өртеніп кете жаздапты. От қазандығы жарылып кетуін қатты келген қысымнан көреді.

«Өзім жасатып алдым. Біз газға не үшін төлеп отырмыз? Алатыны көп бізден», – деді Құмарал ауылының тұрғыны Клара Қарабекова

Компания басшысы жиырма мың халқы бар Шамалған ауылдық округі тұтас көгілдір отынға қосылғанын айтты. 2021 жылы газ тарифы 5 теңгеге қымбаттаған екен. Алайда ол кезде де тұтынушылар қарсылық білдірген көрінеді.  

«Біз заң шеңберінде бізге бекіткен бағамен ғана жұмыс істейміз. Бүгінгі таңда 34 теңге деп есептеп отырмыз, ал газдың сапасына келсек, оны арнайы зертхана жұмыстары анықтайды. Бізге газ тасымалдаушылар қандай көгілдір отын береді, біз соны ары қарай халыққа таратамыз», – деді «Сигма-газ» ЖШС директоры Василий Прокофьев.

«Бұл компания жеті ауылды қамтиды. Солар тариф қымбат деп наразылық білдіріп жатыр. Салыстырмалы түрде қымба,т бірақ тарифты антимонопольный мекеме бекітеді. Бұлардың шығынын, табысын тексеріп, солай бекіткен. Біріншіден, жұмысын тексеруіміз керек. Содан соң өздерінің жұмысында кемшілік болса, біз оларға өз талабымызды қоямыз да, сол талаптарды орындауға мәжбүрлейміз», – деді Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов.

«Қыс ортасында халықтың газ бағасына деген наразылығы орынды» дейді аудан басшысы. Алайда аталған мәселе бір екі күнде шешілмейтінін жеткізді. Енді ауыл азаматтары ішінен белсенділер таңдалып, әкімдік өкілдерімен бірге арнайы комиссия құрылмақ.

Әлібек Шынтемір, Медет Саматұлы «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров