Әйелім досымның көлігін ұрлап кетті: арызданушы мәселенің әділ шешімін талап етіп отыр

05.07.2023 00:55

Ұрланған көліктердің 70 пайызында дабыл белгісі орнатылмаған

Иллюстративное фото 9111.ru

Алматы тұрғыны әйелім досымның көлігін ұрлап, тығып қойды деп шағым айтты. Екі жыл отасқан жұбайым дүниені бөліске салу үшін ажыраспақ ниетте деген арызданушы мәселенің әділ шешімін талап етіп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл бейнежазбадан екі әйел мен белгісіз азаматтың құрал-саймандарын алып, пәтер есігін бұзып кіргенін байқауға болады. Бейнебақылау камераларынан олардың автотұрақтағы көлікті айдап кеткені де анық көрінеді. Содан ол көліктің қай бағытқа бет алғаны белгісіз.

– 26 сәуір күні автотұрақтан көлік ұрланды. Әйелім өзінің әпкесімен және тағы бір белгісіз азаматпен пәтердің есігін бұзып кірді. Олар құрал-саймандарын дайындап келген, ол анық көрініп тұр. Үйді ақтарып, көліктің құжаты мен бірнеше затты да қолды қылған. Төсектің астына тыққан менің құжаттарымды да алыпты. Содан көліктің кілтін тауып, айдап кеткен. Бізде барлық дәлел бар, бірақ іс әлі дұрыс қаралмай жатыр, – деді қала тұрғыны Руслан Қашыбаев.

Арызданушы 2 жыл отасқан жұбайының мұндай әрекетке не себепті барғанын білмейді. Оның айтуынша, мән-жайды анықтамақ болып, арыз да түсірген. Полиция келіп, еш әрекет жасай алмағанын айтты.

Руслан Қашыбаевтың әйелінің анасы есік алдына қандай да бір көліктің келіп-кетіп жүргенін растап отыр. Тіпті учаскелік полициямен бірге аулаға кіріп, қарап шығуымызды да сұрады.

– Досыма көлігімді қалдырып кеттім. Менің ауламда жөндеу жұмыстары болып жатқан соң, қоятын жер болмады. Бірақ оның әйелі көлігімді ұрлап кетіп, 3 ай болды таба алмай жүрміз. Қисынсыз сылтау айтып, көлікті қайтармай жатыр, – деді жапа шегуші Әскер Мәмедов.

– Қылмыстық іс Бостандық ауданының ПБ Қылымсытық кодекстің 200-бабымен тергелуде. Қазіргі таңда барлық тергеу амалы жүргізіліп, нәтижесінде қылмыстық іс аясында просесуалдық шешім қабылданатын болады, – деді Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек.

Айта кетейік, Алматыда ұрланған көліктердің 70 пайызында дабыл белгісі орнатылмаған екен. Сондықтан құзырлы орган өкілдері жауапкершілік алдымен иесінде екенін айтты. Ал арнамызға арызданған азаматтың мәселесіне қатысты нақты шешім қашан шығары белгісіз.

Әлібек Шынтемір, Сағындык Нарықов, «Алматы» телеарнасы