Көмек қолын созамын деушілерге байланыс нөмірі көрсетілген
Алматы облысында шаңырақ көтеріп, отбасын құрғалы отырған азамат жұмыста жарақат алып, бір күнде мүгедек болып қалған. Бірақ заңды келісімшартпен жұмыс істемеуі өтемақы алуына кедергі болып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Төтенше апат дәл осы жерде болған. 380 вольттық тоқ тұйықталғанда отқа оранған жұмысшы бірнеше минутқа есінен танып қалған. Денесінің 40 пайызын күйік шалған жас жігіт ауыр халде ауруханаға жеткізілген. 28 жастағы Ержігіт Айдарбекұлы – көпбалалы отбасының тұңғышы. Құрылыс мамандығы бойынша білім алған жігіт соңғы 4 жылда электромонтаж саласында жұмыс істеп жүрген. Ал 6 айдан бері көпқабатты тұрғын үй ПИК-пен келісімсіз қызмет атқарған. Тосыннан төсекке таңылған жігіт жұмыс беруші тараптың қарапайым ғана сақтық шараларын қамтамасыз етпегенін алға тартты.
– Ешқандай жұмысқа қажетті заттармен қамтамасыз еткен жоқ. Бірақ техника қауіпсіздігін сақтап жүргенмін. Сол күні ақау шығып, тоқ ұрып, есімнен танып қалдым, – деді зардап шеккен азамат Ержігіт Айдарбекұлы.
Жарты сағаттан артық денесін көтеріп жүре алмайтын жігіттің ішкі құрылысы да сыр бере бастаған. Қазір мүгедектік алу үшін құжат тапсырып жүр. Жапа шеккен азаматтың туыстары болса, жұмыс беруші тараптың өтемақы төлеуден бас тартып отырғанына наразы.
- Қарашада үйленем деп, қызымен таныстырамын деп жүрген. Қолдары істемейді. Әлі де тамағын қасықпен беремін. Жуындырамыз. Дәретке де өзі бара алмайды. Полиция «бухгалтердің үйінде жөндеу жұмысын жасап жатып, тоққа түсіп қалды» деп айтыңыз деген соң, иә дей салғанмын. Өйткені олар көмектесетінін айтқан, – деді зардап шеккен азаматтың анасы Бақытгүл Жартыбаева.
Алғашында шындықты бұрмалап шыққан ПИК «бәрін өзіміз төлейміз» деп уәдені үйіп-төккен. Бірақ кейіннен ат-тонын ала қашқан. Қазір мекеме басшылығы да ауысып жатқан көрінеді. Не істерін білмей абдырап қалған отбасы тиісті органдарға шағымданып, жауап күтумен әлек.
– Түсініктемеге сәйкес Айдарбекұлы жұмысшы ретінде тіркелмегендігі және еңбек шарты жасалмағандығы анықталды. Электрлік ақаулар болған жағдайда ғана шақыртылып, сол атқарған жұмыстары бойынша ақысы төленген. Бүгінгі таңда берілген ұйғарым орындалуы бойынша жұмыстар атқарылуда, – деді Еңбек инспекциясы Еңбек қауіпсіздігін бақылау бөлімінің басшысы Әли Арапов.
Істі еңбек шартының болмауы күрделендіріп отыр. Енді азамат жаңа басшылықтан қолдау бола ма деп үмітті. Ал заңгерлер мұндай жағдайдың жиі болатынын айтады.
– Құқық қорғау органдарына арыз жазу арқылы және қылмыстық іс қозғауды талап етуі керек. Келтірілген зақымға байланысты әкімшілік іс болуы мүмкін. Одан кейін азаматтық іс бойынша материалдық келтірілген және моралдық зиянды өтеуге болады. Жұмыс беруші ұйымның қауіпсіздік ережелерін сақтамағаны дәлелденсе, – деді заңгер Марғұлан Шыныбаев.
Ал Ержігіт Айдарбекұлының мәселесі қалай шешілері уақыт еншісінде. Беті бері қараған баламды тезірек аяққа тұрғызсам деп жүрген ана әзірге азды-көпті халық көмегімен дәрі-дәрмегін алып отыр. Көмек қолын созамын деушілерге байланыс нөмірін қалдырдық.
Жансая Олжабек, Әлішер Ерғалиұлы, «Алматы» телеарнасы
87471462067 Бақытгүл Жартыбаева