Екі күн аралығында өткен жарыста тек отандық қана емес, шетелдік спортшылар да бағын сынады. Ерекше форматтағы фестиваль «QazaqstanJastarFest» республикалық челенджі аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Спорттық додада бағын сынау үшін спортшылар Қырғызстан, Өзбекстан және Ресейден арнайы келген.
«Almaty Urban Fest» форматындағы фестиваль елімізде алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Шарада қатысушылар спорттың бірнеше түрі бойынша өзара сынға түсіп, мықтыны анықтады. Олардың арасында стритболл, уоркаут, армреслинг, көше билері, самокат және скейтборд бар.
«Қазір бәрі белсенді қатысып жатыр осыған спортқа. Негізі қол күрес жақсы дамып жатыр», – дейді келушілердің бірі.
«Досым әкелді бұл спортқа. Қызықтым. Шамамен екі жыл болды қатысып жатқаныма», – дейді тағы бірі.
Сайыскерлер еліміздің әр түкпірінен жиналған. Оның ішінде Нұр-Сұлтан, Петропавл, Семей, Өскемен, Шымкент, Тараз және Талдықорған сынды қалаларынан келген. Сондай-ақ Қырғызстан, Өзбекстан және Ресейден келген спортшылар да бар. Әсіресе каратэ бойынша жарыс өте тартысты өтті. Жеңімпаздарға ақшалай сыйлық табысталды.
«Біз бұл жерде жаттығу барысы қалай өтетінін, күнделікті жаттықтырушымен бірге жасайтын жұмысты көрсетіп жатырмыз. Осы арқылы каратэны таныстырдық», – деді «КАТА» бағдарламасы бойынша каратэден әлем чемпионы Айдана МҰСАНОВА.
Маған жаттыққан ұнайды. Жеңіске жеткеніме өте қуаныштымын», – дейді «Almaty Urban Fest» фестивалінің жеңімпазы Темірлан САДЫҚОВ.
Фестивалға Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров, Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және денешынықтыру істері жөніндегі комитет төрағасы Серік Сәпиев қатысты.
«Урбан фестиваль біздің қаламызда алғаш рет әрі менің ойымша жоғары деңгейде өтті. Мен мұндай мерекелердің біздің қаламызда жиі өтуіне тілектеспін. Сіздердің әрқайсыларыңыз үшін жеңістер мен бағындыратын асулар көп болсын. Осынау жолға түскендер – үлкен спортта өз жолын тапқандар. Барлықтарыңызды құттықтаймын және табыс тілеймін», – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан БАБАҚҰМАРОВ.
Екі күндік шараны тамашалауға 10 мыңнан астам тұрғын жиналды. Фестивальға отандық кино, телевидение, спорт майталмандары мен қоғамдық пікір қалыптастырушылар қолдау көрсетті. Олар «QazaqstanJastarFest» челенджінің аясында Урбан мәдениетін дамыту эстафетасын Батыс өңіріне жолдады.
Перизат Көмекбайқызы, Нұржан Оразбеков, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы