Алматының 120 көшесіне энергия үнемдегіш шамдар орнатылады. Қаланы жарықтандыруға кәсіпкерлер де қолғабыс етеді. Мемлекеттік жеке меншік серіктестік аясында 1400 шақырым сыртқы жарықтандыру желілерін жаңартылады. 5 жылға созылатын жұмыс барысында 15 пайыз электр қуаты үнемделеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматының сыртқы жарықтандыруы диспетчерлік пункттен бақыланады. Шамдардың қай жерде жанып, не сөніп тұрғаны туралы ең алдымен диспетчерлер біліп отырады. Диспетчерлік пункт қандай да бір ақау шыққан жағдайда шұғыл түрде апатты қалпына келтіретін мамандарға хабарлайды. Алдағы уақытта бұл картада тағы да жарықтандыру бағандары қосылмақ. Жалпы, 120 көшеге энергия үнемдейтін жарықдиодты шамдар орнатылады.
«Алматы қаласындағы Алатау ауданы, Жетісу ауданы, Медеу ауданы және Наурызбай ауданындағы 120 көшеде жұмыстар жүргізіледі. Қазіргі уақытта үкіметтен қаржы бөлініп, тендер ойнатылып жатыр. Алатау ауданының жеңімпазы анықталды. Қалған 3 ауданның жеңімпазы анықталады. Күн жылығаннан кейін құрылыс жұмыстары басталады», – деді «Алматы қала Жарық» МКК бас инженері Ержан ДӘНТЕБАЙ.
Қалада тек соңғы айлардың өзінде ескірген көше шамдарының 30 пайыздан астамы ауыстырылып, орнына энергия үнемдейтін лампалар қойылған. Сонымен қатар, қаланы жарықтандыруға бизнесмендер де өз үлесін қоспақ. Алдағы жылдары 1400 шақырым сыртқы жарықтандыру желілерін жаңартып, 42 мыңнан астам баған орнату жоспарланып отыр. Сондай-ақ, 46 мың жарықдиодты LED шамдар қою қарастырылған.
«Үнемді жарық шамдарының өз артықшылығы бар. Жаңа үлгідегі LED жарық шамдары түнде ақ түсті болып жанады. Сондықтан жол қауіпсіздігі тұрғысынан алғанда, жүргізушілердің өтіп бара жатқан адамдарды алыс арақашықтан көруі үшін тиімді», – дейді Ержан ДӘНТЕБАЙ.
Биыл қаладағы 600 үйдің ауласын да жарықтандыру көзделген. Осыған дейін шаһардағы 1400-ге жуық аула көріктендіріліп, үнемді шамдармен қамтамасыз етілген еді.
«Осы жарық шамдардың арқасында балалар еркін ойнай алады. Кешке балаларды ойнатуға болады. Көңілді», »Тұрғындар қауіпсіздігі үшін және жаттығу жасағанда өте жарық болып тұрғаны ұнайды», «Қаланың көркейе бергенін қалаймын. Осындай жаттығу алаңдары көптеп ашылса екен», «Сағат кешкі 8 болғанына қарамастан жарық шамдарының арқасында аула жап-жарық. Сондықтан балалар да еш алаңсыз ойнай алады». – дейді ризалық танытқан тұрғындар.
Алматы қаласы бойынша 1200 басқару пункті жұмыс істейді. Қалада жарықдиодты шамдарды орнату жұмысы жылдың аяғына дейін аяқталады деп күтілуде.
Перизат Көмекбайқызы, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы