Жер дауы: Алматы облысының тұрғындары жер телімін әділ бағалауды талап етіп отыр

Almaty.tv
Almaty.tv
Олар Қонаев қаласындағы облыстық әкімдіктің алдына жиналды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Далада қаламыз ба?» деген 100 шақты отбасы бүгін Қонаев қаласындағы облыстық әкімдіктің алдына жиналды. Алты айдан бері Қарасай ауданының азаматтары жер телімінің әділ бағалануын сұрайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Жұрт жанайқайымыз жоғарыға жетсін» деп Алматы облыстық әкімдігіне барды. Олар жер телімдері нарықтағы бағамен бағалануын талап етіп отыр. Олардың айтуынша, бұған дейін арызын арқалап, Қарасай ауданына сан мәрте барған. Бірақ мәселе шешілмеген.

– Алты ай бұрын жерімізді Үкімет өз меншігіне алатынын айтты. Бірақ бізде үйдің сүрілетіні жөнінде құжат жоқ. Сыртымыздан ердің бағасын шығарып қойыпты. Ең төменгі баға 6-7-8 сотық жер  бір жарым миллион теңге болып тұр, – деді Көкөзек ауылының тұрғыны Нигара Рузиева.

Шаңырақ тұрғызамыз деп жер алған ел қуаныштың ұзаққа бармағанын айтады. Есі екеу болған ел қайда барарын білмей әлек.

– Пәтер жалдап, Қалқаманда тұрып жатырмыз. Көкөзектен 8 сотық жер алғанмын. Бізге  нарықтағы бағамен жердің ақшасын берсін, – деді Көкөзек ауылының тұрғыны Гүлбахан Қырықбаева.

Мәселесін шешпек болып көпшілік әкімдік дәлізінде дауласып ұзақ тұрды. Кейін сала мамандары мекеменің бас кеңсесіне келіссөзге келуге шақырды. Бірақ біржақты мәмілеге келу мүмкін болмады.

Ал облыс әкімінің орынбасары жер сатылымына байланысты заңсыздық анықталса, мемлекеттік қызметкердің қатаң жазаланатынын айтты. Бірақ алдымен тексеріс жүргіземіз деп сендірді.

– 2014 жылы Алматы-Талғар Байсерке газ жүйесі құбыры салынған. Оның қорғау аймағы - 150 метр. Бүгінгі күні адамдардың қауіпсіздігі үшін сол маңдағы тұрғын үйлерді қорғау аймағына босатамыз. Тұрғындар өтінішін қарап, бағалау жұмысын қайтадан жүргізетін боламыз. Ол қырық күн алады, – деді Алматы облысы әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергенов.

«Қалың ел қаузаған қызыл сызыққа жер телімдерінен бөлек, мектеп пен дәрі-дәрмек шығаратын зауыт та түсіп тұр» дейді халық. Бірақ билік өкілдері өнеркәсіп иелерінің шағым айтпағанын жеткізді. Ал алаңдаулы ауыл адамдарының мәселесі қалай шешілері белгісіз.

Әлібек Шынтемір, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматы облысындағы медбикенің өлімі: күдікті ұсталды

Новости партнеров