Су тасқыны кезеңіне дайындық пысықталды

Almaty.tv
Almaty.tv
Жауапты ведомство су басу қаупін жою мақсатында 41 гидротехникалық құрылысты жаңартып жатыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қыстың қамын жаз ойла. Үкімет су тасқыны кезеңіне қазірден бастап дайындалып жатыр. Жаздың соңғы айында ТЖМ Сырым Шәріпханов Қызылорда облысындағы Сырдария өзенінің арнасын тазартуға бөлінген қаражат үшінші жыл игерілмей жатқанын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Үкімет биыл су тасқыны кезеңіне дайындықты ерте пысықтап жатыр. ТЖМ Сырым Шәріпхановтың айтуынша, су тасқынына қарсы 214 іс-шара жүзеге асырылуы керек еді. Алайда осы күні оның 88-і ғана орындалған. Министр 14 миллиард теңге жұмсалғанын айтты. Су тасқынына қарсы жұмысты Шымкент қаласы, Қызылорда мен БҚО кешеуілдетіп жатқан көрінеді. Онымен қоса, табиғи апаттың алдын алуда өзге министрліктер де өз міндетін тиісті деңгейде орындамаған.

– Экология және табиғи ресурстар министрлігі Ақмола облысында Есіл контррегуляторының құрылысын кешіктіруде, сол себепті осы уақытқа дейін мемлекеттік сараптама рәсімінен өтпеген жобалау-сметалық құжатты әзірлеу бір жылға жуық жүргізілуде. Құрметті әріптестер! Тәжірибе көрсеткендей, жоспарланған іс-шараны орындамау су тасқыны салдарына әкеледі, – деді ҚР ТЖМ Сырым Шәріпханов.

Сырым Шәріпхановтан кейін Экология министрі Зүлфия Сүлейменова мінберге шықты. Алайда әріптесінің сөзіне жауап берместен, өзінің баяндамасын оқыды. Сөзіне сенсек, елдегі 206 гидротехникалық құрылыстың 102-сінде су тасқыны қаупі бар. Ал мұндай нысандардың қасында 296 елдімекен орналасқан. Онда 2 миллион 500 мыңнан астам адам тұрады. Жауапты ведомство су басу қаупін жою мақсатында 41 гидротехникалық құрылысты жаңартып жатыр.

– 2017-2022 жылдары 16 нысан қалпына келтірілді. Оның ішінде Алматы облысында жинақтау көлемі 42 млн текше метр Қызылағаш су қоймасы қайта жаңартылды. Биыл тағы 2 су қоймасы қалпына келтіріледі. Осы жобалар іске асырылған жағдайда 300 мың халқы бар 40 елдімекенді су басу қаупі мәселесі шешілмек, – деді  ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова.

Премьер-министр Әлихан Смайылов суға жақын жерде үй салу талаптарын күшейтуді ұсынды. Себебі былтыр дәл осындай орындарда тұрғызылған баспаналарды су шайып кеткен еді. Енді Үкімет басшысы қыс түскенше су тасқынынан қорғау іс-шарасын аяқтауды тапсырды. Сонымен қатар, 2 аптада бұл жұмыстың нақты жоспарын ұсынуға пәрмен берді.

Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: Астанада суға батқан баланы полицей құтқарып қалды

Новости партнеров