СҚО-да тасқын кезінде зақымданған 225 үй қашан қолданысқа беріледі

Almaty.tv
Almaty.tv
СҚО-да Қызылжар ауданында 1500-ден аса үй тасқыннан зардап шеккен
Жаңалықтармен бөлісіңіз

СҚО-да тасқын кезінде зақымданған 225 үйді тамызға дейін қалыпқа келтіру жоспарланып отыр. Аймақта елдің әр өңірінен келген құрылысшылар жөндеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Прибрежное ауылының тұрғыны Галина Морозованың баспанасы тасқын салдарынан бүлінген. Зейнеткер бұл үйде отбасымен бірге 40 жылдан аса уақыт тұрып келіпті. Оның сөзінше, аймақта мұндай табиғи апат бұрын-соңды болмаған. Бағалау комиссиясы тұрғынның үйін қайта жөндеуге жарамды деп танып, оңтүстік өңірден келген құрылысшылар жұмысты бастап кеткен. Ал зейнеткер сала мамандарының жұмысына дән риза.      

– Жөндеу жұмысын өзіміз аяқтай алмас едік. Зейнеткерміз ғой. Негізі маусымда құрылыс басталды. Қабырғаларды жөнге келтіре бастады. Құрылысшылар әр келгенімізде істің келесі кезеңіне көшеді, – деді Прибрежное ауылының тұрғыны Галина Морозова.

Жұмысшылар солтүстіктегі ағайынға көмек беру мақсатында мамырдың ортасында келген. Ал бұл елдімекендегі үйлерді қалыпқа келтіру үшін 12 адам тынымсыз еңбек етіп келеді. Бұған дейін жоспарға сай, 8 баспана пайдалануға берілсе, қазір құрылысшы топ бір үйде бөлшектеу және жөндеу жұмысын жүргізіп жатыр.

– Тараздан, Алматыдан жігіттер келді. Сегіз үй бітірдік. Сыртқы, ішкі жұмыстарын толық жасап жатырмыз, – деді құрылысшы Жанғали Мұсағалиев.

Атап өтер жайт, СҚО-да Қызылжар ауданында 1500-ден аса үй тасқыннан зардап шеккен. Ал бүлінген үйлерді қалпына келтірумен Аққайың, Қызылжар ауданы және Астана қаласынан келген құрылысшы топ та айналысып жатыр.

– 407 үй апатты деп танылған десек, қалған баспаналар қайта жөндеуге жарамды. 61 үй қалыпқа келтіріп жатыр. Ал 42 баспана құрылысы аяқталды. Қалғаны тұрғындардың өз күшімен жөнделіп жатыр, – деді Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары Алма Нұрғалиева.

Құрылысшы топтардың жұмысы мамырдың ортасынан басталса, үйлерді қалыпқа келтіру тамыздың соңына дейін толығымен аяқталмақ.

Рүстем Айткәрім, Нұргүл Алина, Азамат Елубаев, «Алматы» телеарнасы, СҚО

Оқи отырыңыз: Қаратаудағы петроглифтерге қауіп төнді

Новости партнеров