Атырауда мұнай зауытын күзететін қызметкерлер жалақының аздығына наразы

27.09.2022 00:57

Компания өкілінің сөзіне сенсек, айлық 50 пайыз көтерілмек

Almaty.tv

Атырауда мұнай зауытын күзететін қызметкерлер жалақының аздығына наразы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мұнай шығаратын бірнеше зауытты күндіз-түні қауіптен сақтап, қарауылдайтын Атыраудағы күзетшілер компания басшыларының құрғақ уәдесіне тойған. Айлықты арттырамыз дегендеріне бірнеше айдың жүзі болыпты. Қымбатшылық қысып, жұмысшылар шиіттей бала-шағаға нан таба алмай титықтап кеткен. Істелген шаруа шаш етектен болса да, жалақы жарымайды. Компания өкілдері «еңбек шарты ұнамаса, ешкімді ұстамаймыз» дейтін көрінеді

«Қазір мына Ресейдегі жағдайға байланысты тұрғын үй, бәрі қымбаттап жатыр. Жігіттердің арасында үй жалдап жатқандар бар. Жалақыны көтермейді. «Ұнамай ма басқа жұмысқа барыңдар» деп айтады. Нарықтағы қымбатшылыққа байланысты жалақымызды өсірсін», – деді күзетші Елдар Есжанов  

«Бізге қаңтардан бері өсіреміз деп айтып келеді. Күз болды. Баратын жеріміз де жоқ, шыны керек», – деді күзетші Абат Әбілов.

Әбден тарыққан күзетшілер бір ауыздан жұмысты тоқтатып тастаған. Еңбек лайықты бағаланса дейді. Сөздерінше, компания иесі 4 ай бұрын айлық 50 пайызға өседі деген екен.

«Кеше бүйрықа қол қойылды, бәрін түсіндіріп айттым, жұмысшыларға.  50 пайыз өсіреді, бұған дейін 10 пайыз өсірдік, әлеуметтік төлем болмаған, енді төленеді. Бұйрық түс қайта келеді, таныстырамын», – деді компания филиалы директорының міндетін атқарушы Серік Мұқажанов.

Компания өкілінің сөзіне сенсек, айлық  50 пайыз көтерілмек. Егер уәде іс жүзінде жүзеге аспаса, күзетшілер барлық нысандағы жұмысты тоқтататынан жеткізді.

Райымбек Сафиолла, Айбек Байзақ, «Алматы» телеарнасы, Атыраудан