Жер дауы: Алматы облысында алаяқтарға алданған халық жерін заңдастыра алмай жүр

01.12.2022 00:57

Талдыбұлақ ауылындаға 100-ге жуық тұрғын үйде су, газ, электр жарығы жоқ

Almaty.tv

Алматы облысының Талғар ауданына қарасты Талдыбұлақ ауылында 100-ге жуық тұрғын талай жылдан бері жерін заңдастыра алмай келеді. деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Соның кесірінен ел жарық пен көгілдір газдан, басқа да мемлекеттік қызметтен қағылып отыр. Бұқара мұндай олқылықтың бәріне кезінде учаскелерді сатқан арадағы делдалдарды кінәлайды.

О баста нысаналы мақсаты шаруа қожалығын жүргізуге арналған Талдыбұлақ ауылындағы жерлер осыдан алты жыл бұрын 100 шақты адамға сатылған. Сол кезде жерді сатып ақшасын алған адамдар құжатын реттеп береміз деп елді сендіріп келген. Уәдеге иланған жұрт шама-шарқы келгенше қазір үйін салып тастаған. Алайда халық әлі күнге дейін құжатын заңдастыра алмай келеді.

«Басжоспарды көрсетті, қолымызға берді.  Арағак уақыт салып, жер саяжай аумағында екен, Виноградов, Садовая, Вишневая көшесі болатынын айтты. Сосын қайтадан ауылдың аймағына қарайтынын айтып, құжат жасалады деп сендірді. Алты жыл созып келді», – деді Талдыбұлақ ауылының тұрғыны Нұрболат Жабағиев

5 гектардай жердің иесі - жеке адам. Учаске төрт лекке бөлініп делдалдар арқылы жұртқа сатылған. Алайда олар тыраштанып тауып, жинап берген ақшамызды иесіне толық жеткізбеген көрінеді. Тұрғындардың айтуыша, ел жерін қожайынынан қайтадан сатып алуға мәжбүр болыпты.  

«Тауып берем ақшаны, жасап берем дегеніне4 жыл болды. Мен қазір үй де сала алмай отырмын. Балалармен қаңғырып пәтер жалдап жүрмін. Не деген сұмдық», – деді Талдыбұлақ ауылының тұрғыны Маржан Ербол.

Тұрғындар құжаттың дұрыс еместігіне қарамастан заңсыз үй салып алғанын мойындайды. Бірақ алаяқтардың арбауында түсіп, сенгенін жасырмады. Қазір бұқара жарықсыз, жылусыз отыр. Мектеп пен емханаға тіркелу де қиын.

«Не балаларымызды тіркеуге отырғыза алмаймыз, не балаларымызды дұрыстап оқытайық десек не жарық жоқ, не газ жоқ. Жан-жағымыздакөршілерден электр тоғын уақытша жалғап отырмыз», – деді Талдыбұлақ ауылының тұрғыны Айнұр Нүсіпбекова.

Жерді сатқандардан ешқандай қайыр болмайтынын түсінген халық аудан әкімшілігіне барып жерді қолдану мақсатын ауыстырып беруін талап етті. Ал оны ауыстыру үшін мемлекетке жердің кадарстрлық құнын төлеуі тиіс екен. Бірақ тұрғындар ол ақшаны бөліп төлеуді сұрайды.

«Бұл кісілер бәрі коллективно жиналып, сотқа арыз жазса, егер сот бөліп төлеуге бізді міндеттесе,  график жасап береміз. Заң бар. Енді біз заңнан аса алмаймыз ғой», – деді Талғар ауданы әкімінің орынбасары Ермек Толқынов.

Жердің заңдастырылуы енді соттың шығарған шешіміне байланысты болмақ. Ал елдің ақшасын алып, уәдесін орындамағандардың атына облыстық прокуратураға арыз жазуға кеңес берілді.

Назкен Еркін, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы