Осыдан тура бір апта бұрын Алатау ауданының бойымен өтетін тура осы Үлкен Алматы өзенінде 27 жасар қыз суға кетіп көз жұмды
Қалада шомылуға рұқсат етілмеген су қоймаларына баратындар азаймай тұр. Мұның арты, қайғылы жағдаймен аяқталуы мүмкін. Сондықтан бүгін Алатау ауданының төтенше жағдайлар басқармасы мен арнайы құтқару қызметі өзен-көлді жағалап рейд жұмыстарын жүргізді. Тәртіп бұзғандар бар ма? Жалпы күн ысыса өзен маңын саялайтын жұртқа құтқарушылар қандай кеңес береді? Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын толығырақ баяндайды.
Осыдан тура бір апта бұрын Алатау ауданының бойымен өтетін тура осы Үлкен Алматы өзенінде 27 жасар қыз суға кетіп көз жұмды. Арнайы құтқару қызметі оның денесін осы тұрбаның бойынан тапқан. Күн ысыса болды су жағасынан жанға сая іздейтін жандар азаймай тұр дейді мамандар. Салдары қайғылы жағдаймен аяқталып отыр.
Соған қарамастан мұнда келіп суға түсіп жүрген аудан тұрғындары көп. Шомылуға рұқсат етілмеген жерге келетіндердің көпшілігі мектеп жасындағы оқушылар дейді мамандар. Рейд жұмыстары кезінде жиналған екі-үш топ бала ұсталды. Енді бірі мамандарды көре сала алды-артына қарамай тым-тырақай қаша жөнелді.
Балалардан бөлек, су жағасына келіп демалатын ересек азаматтар да кездесті. Айтуынша, күн көзіне қыздырынып жатыр-мыс.
Оқиға болған жерден:
- Сіз мында келіп ішкенсіз ғой, дұрыс па, спирттік ішімдік ішкенсіз ғой, оны ішетін арнайы орындар бар, білесіз ғой.
- Білеміз ғой, иә
- Оның үстіне келіп шашып кетесіз мына жерді, арақтың бөтелкелері жатыр
Өзенде қайғылы жағдай орын алса да, жағалауда суға түсуге тыйым салынғаны туралы ескерту тақтайшалары мен хабарламалардың орнатылмағанын байқадық. Десе де бұл сұрағымызға мамандар былай деп жауап берді.
«Жыл басынан бері осындай жерлерге 13 белгі орнатылған болатын. Оның енді жасыратыны жоқ, бірталайын ұрлап кетті. Ұсталған адамдар жоқ, бірақ біздің ойлайтынымыз оны метталға апарып өткізеді ме, үйлеріне алып кетеді ме, белгісіз», – деді Алатау аудандық ТЖБ бастығы Нұрлан Таубеков.
Қала аумағында осындай 26 су қоймасы бар. Арнайы шомылуға рұқсат етілген орын тек төртеу. Олар: Үлкен Алматы каналындағы Бауым тоғайы мен Гүлдер саябағы және Сайран көлі. Айта кетейік, ресми мәлімет бойынша биыл суға түсу маусымы басталғалы қала бойынша екі адам суға кетіп көз жұмған.