Ірі құрылыс компаниясының жұмысшылары бір жылдан бері жарытып жалақы алмаған

Almaty.tv
Almaty.tv
Бір жыл бойына жиналған қарыз көлемі 116 млн. теңгеге дейін жеткен
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Басшылық тарап, ай сайын әр жұмысшыға айлықтарының 50 пайызын ғана төлеп келген. Наразы топ бүгін мекеме алдына жиналды. Жұмысшылардың айтуынша, еңбек инспекциясынан бастап, прокуратураға дейін арыз түсірген. Алайда, еш нәтиже жоқ дейді. Еңбекақыларын даулағандар біздің редакциямызға хабарласып, көмек сұраудан басқа амалдары қалмапты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жыр болған жалақы дауының негізгі басшылары осы ғимаратта отырады. Бұл аталған құрылыс компаниясының Алматы қаласындағы филиалы. Жұмысшылар қандайда бір құжат өткізу керек болса немесе ұсыныстарымен шағымдарын осында келіп айтатын көрінеді. Жұмысшылардың айтуынша, өз жалақыларын сұрап, бұл жердің табалдырығын 1 жыл уақыт бойы тоздырыпты.

«Мостоотряд» құрылыс компаниясы – тек Алматыда емес, Қазақстандағы құрылысы күрделі көпірлерді салумен айналысатын ірі мемеке. Нарықта біраз жылдан бері жұмыс істеп келеді. Компания басшылығы өткен жылдың желтоқсан айынан бастап құрылысқа ақша жоқ деген желеумен жұмысшыларды таратып жіберген. Содан бері  ай сайын оларға 50 мың теңге төлеп, көңілдерін алдап отырыпты. Жұмысшылардың айтуынша, әр құрылысшыға 1 жыл бойына бермеген ақшаларының көлемі миллионнан асады. Соңғы бір айда мүлде бір тиын да алмаған. Бәрі де үйлерінің жалғыз асыраушылары.      

«2018 жылдан бері аванспен лақтырды, қарашадан 33 мың берді, қалдық ақшам бар менің 2018 жылдан бері, 37 мың теңге желтоқсанның қарызы бар. Содан кейін қаңтар, ақпан, наурыз берілген жоқ бізге. Түбіртекте 91 мыңнан берешек бар бізге. Енді есептеңіз, 3 айдың 91 мың теңгесін, соны бермей отыр ғой енді», - деді жұмысшы Асхат ЖАБЫҚБАЕВ.

«Мысалы менің өзіме 500 мың қарыз, негізі миллион қарыз болған. Жазда істеген жұмысымызға қарай берді ақшаны шамалап-шамалап. Ал қазір нақты айтып отырғаным 5 айдың ақшасын берген жоқ мүлде», - деді Бақытжан ЖҮНІСБЕКОВ.

Нәпақа дауынан бөлек, қызметкерлердің зейнетақы қорына 2 жылдан бері бір тиын да аударылмаған. Наразылық танытқан топқа мердігер компанияның директоры келді. Оның айтуынша, қазір жылдың басы болғандықтан, ақша әлі бөлінбей жатыр екен. Тіпті, құрылысшыларға жалақы төлеу үшін техниканың біраз бөлігін сатылымға да шығарыпты. Келесі айдың аяғына дейін қарызды толықтай жауып береміз деп әдеттегі уәдені үйіп-төкті.

«Иә, біз салып жатқан көпір бөліктері өте көп. Біз әр жұмысшыға 50 мың теңге ақша болса да төлеп отырмыз ғой. Бастысы, жұмысшыларымызды назардан тыс қалдырып отырған жоқпыз. Қазір жылдың басы болғаннан кейін, ақша ешқандай мекемеге бөлінбеді. Компания қаржыгерлерінің маған айтқаны ақпан айынан бастап ақша түсу керек. Барлық жұмысшының қарызы аса көп емес, 10 млн. асады», - деді «Мостоотряд» компаниясының директоры Темур НАКУСОВ.

Компания директорының айтқанына көз жеткізу үшін облыстық еңбек инспекциясына да хабарласып көрдік. Олардың берген мәліметі мүлдем басқа. Жұмысшылардан 1 жыл бойына жиналған қарыз көлемі 10 млн емес 116 млн-ға дейін жеткен көрінеді. Бұл 407 жұмысшының берешегі. Еңбек инспекциясы жұмысшылардан келіп түскен арыздан кейін құрылыс компаниясын 3 мәрте тексеріпті.

«Тексеру барысында жұмыс беруші тарапынан 142 млн теңге еңбекақы берешегі бар екені анықталды. Тексеру қорытындысы бойынша аталған берешекті төлеу мақстаныда мерзімі көрсетілген ұйғарым беріліп, жауапты тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жұмыс беруші тарапынан құжаттары бойынша берешектің қалған суммасы 116  млн теңге болды», - дейді Алматы облысы бойынша еңбек инспекторы Есхат АҚЖОЛОВ.

Адал ақшаларын ала алмай жүргендер тек Алматы қаласында емес. Қазақстанның барлық аймағында осылай шыр-пыр болып жүргендер аз емес. Өткен жылы жұмысшылар Қарағанды қаласындағы 5 көпірді салып тапсырыпты. Компаниядағы жалақының орташа көлемі - 120-150 мың теңгенің аралығында. Құрылысшылардың көбі басшылықтың жалақыны ертең беремін деген сөзінен үмітін үзіп, жұмысын ауыстырып үлгеріпті.

Новости партнеров