Алматыда рұқсатсыз кесілген ағаш үшін айыппұл көлемі шамамен 38 мың теңгеден бастап 380 мың теңгеге дейін жетеді
Алматыда ағаштарды заңсыз кесу дерегі азаймай отыр деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. Табиғат жанашырлары рұқсатсыз тал отағандарға қолданатын шараны қатаңдату керек, атап айтқанда, айыппұл көлемін арттыру қажет дейді олар.
Алматыда рұқсатсыз кесілген ағаш үшін айыппұл көлемі шамамен 38 мың теңгеден бастап 380 мың теңгеге дейін жетеді. Қомақты қаржыны әдетте жауапсыз ірі бизнес өкілдері төлейді. Оған қоса табиғатқа келтірген зауалдың орнын толтыру үшін кескен 1 тал орнына 10 көшет отырғызуға міндетті. Мұндай талапты кейбір кәсіпкерлер елемейді де. Сондықтан, қала тұрғындары оларға қатаң шара қолданып, айыппұл көлемін өсіру керек деп есептейді.
«Біз қай жерге қандай ағаш отырғызу керектігін көрсетеміз. Бізбен келісім жасайды. Сол келісімде көрсетілген көшет санын қажетті жерге отырғызады. Қажетті жерге деу себебім, Алматының кез келген жеріне қалаған ағашыңды отырғыза бермейсің ғой, әр талдың өсетін өз орны болады. Соның бәрін біз көрсетіп береміз. Сосын егілген соң 2 жыл бойы оны күтіп-баптауға міндетті», - дейді Алматы қаласы Жасыл экономика басқармасының бөлім басшысы Олжас ЖАНЫСБАЕВ.
Қазір қалада қураған ағаштарды кесу жұмыстары жүріп жатыр. Мамандар осы уақытқа дейін діңгегі шіріп, бұтағына құрт түскен ағаштарды санап шыққан. Бүгінде оларды отауға рұқсат құжаттары дайындалып жатыр. Тұрғындар талдарды реттеу жұмысына қарсы емес. Тіпті үйге жақын өскен бұталарды өздері көрсетуде.
«Ағаштардың кесілетіні туралы ескерту қағазы ілінген. Алдын-ала 2-3 күн бұрын ілінеді. Соған қарамастан тұрғындар көліктерін жолға қойып кетіп, жұмысымызға кедергісін келтіреді. Ең болмаса телефон номерын жазып қалдырса, өзіміз хабарласар едік. Сол көліктерге бола қаншама уақытымызды жоғалтамыз», - дейді қураған ағаштарды кесумен айналысатын мердігер компанияның бригадирі Қайрат САБАЗБЕКОВ.
Ағаштарды санитарлық кесу жұмыстары жуырда басталған. Ол жыл аяғына дейін созылады.
«Қолда бар ағашты жоғалтпауымыз керек. Ол үшін үнемі оларды тексеріп отырамыз. Құлаған ағаштардағы паразиттер сау ағашқа өтіп кетпеуі керек. Сондай-ақ, өрт болмас үшін ормандардағы, қаладағы жасыл желектегі қураған ағаштарды үнемі тазартып отырамыз», - дейді Халықаралық экология академиясының президенті Мұсағали ДУАМБЕКОВ.
Жаңадан кесілген ағаш түрлі ауруға шалдығуы мүмкін. Ауруды алдын алу мақсатында түрлі шаралар қолға алынады. Соның бірі – жасыл түсті майлы бояумен бояу.
Қазіргі таңда қалада 2 миллионнан астам жасыл желек бар. Соның ішінде 54 мың ағаш апатты жағдайда екен.
Перизат Көмекбайқызы, Мұрат Тайжанов, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы