Бұдан былай мұғалімдерге тіл тигізгендер 5 күнге қамалады

Бұдан былай мұғалімдерге тіл тигізгендер 5 күнге қамалады
Егер педагог өз міндетіне кірмейтін істерге оқушыларды жұмсаса ескерту алады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бұл - Қазақстан Республикасының «Педагог мәртебесі туралы» Заңында айқын көрсетілген талап. Нақтырақ айтар болсақ, алдымен заңды бұзған жеке тұлғаларға айыппұл салынады. Егер мұндай жағдай қайталанатын болса, әкімшілік жауапкершілікке тартылып, қамауға алынады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

«Қазіргі таңда ата-аналар жұмыс басты болғандықтан, балаларының мектептегі тәртібімен көп айналыса алмайды. Барлық кінәні мұғалімнен іздейді».  

Еркежан Мәкешова – жас маман. Алматыдағы №53 мектеп-лицейінің қаза тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі. Ұстаздың айтқаны – бүгінгі күннің ащы шындығы. Кейбір жағдайда ата-аналар мен оқушылардың шектен шығып кететін жағдайлары орын алып тұратындығын айтады. Алайда, өз басында ондай оқиға орын алмапты. Ал, Заңның қатаңдатылуын ұстаздар жағы қолдайтындығын жеткізді.  

«Бұл жерде ұстаз бен оқушының міндеттерін толыққанды айқындап, сол міндет аясында белгілі бір шеңберден аттап кетпеуді ғана белгілейді деп ойлаймын. Сондықтан бұл дұрыс. Себебі мұғалім өзінің бар білетінін балаға үйретуші. Мұғалім – екінші ана», - деді № 53 мектеп-гимназиясының мұғалімі Еркежан МӘКЕШОВА.        

Бұл тұста қала халқы да мұндай бастаманың қолға алынғандығын және Заңдастырылғандығын қолдайтындықтарын жеткізді. Олардың ойынша, ұстаздың қай заманда болмасын мәртебесі биік.

«Мұғалімдердің жәрдемі болмаса, зияны жоқ. Балаларға жақсы болсын дейді. Немеремізге, балаларыма «жақсы оқы, мұғалімдерді тыңда, оның айтқаны дұрыс» дейміз», - деді бір тұрғын.

«Егер айыппұл салса, дұрыс болар. Себебі, мұғалім мұғалім болып қалуы керек. Біз оны сыйлауымыз керек. Мәртебесі жоғары болуы керек», - деді бір тұрғын.  

Қазір енді оқушылардыкі дұрыс емес деп ойлаймын. Себебі, ол қай жаққа барса да, ақылға сыятын нәрсе емес. Ата-аналардың түсінігі әрқайсысынікі әрқалай шығар. Бірақ, мұғалімге тіл тигізу жақсы деп ойламаймын.    

«Педагог мәртебесі туралы» Заңды бұзған жеке тұлғаларға ұстазға тіл тигізгені үшін 79 530 теңге көлемінде айыппұл салынады. Егер бір жыл ішінде осы тәртіп бұзушылық қайталанса, онда 106 040 теңге немесе бес тәулікке дейін қамауға алынады. Ал, кәмелет жасқа толмағандардың педагогке тіл тигізгені үшін ата-аналары 53 020 теңге көлемінде айыппұл төлеуі керек. Жыл өтпей ондай тәртіпсіздік тағы болса айыппұл 79 530 теңгеге өседі. Ескеру керек, заң да мұғалімге де қатысты жаза бар. Егер педагог өз міндетіне кірмейтін істерге оқушыларды жұмсаса ескерту алады, қайталанса айыппұл арқалайды.  

«Заңда ұстаздарға да байланысты осындай талап нормалар бар. Яғни, әдеп нормалары бар. Сол бойынша ұстаздың әдеп нормаларынан асқан жағдайда ол кісілердің де жауапкершілікке тартылатындығы айқын көрсетілген. Сондықтан бұл Заң білім беру нысанына қатысты үш тараптың: оқушы, ата-ана, ұстаз арасындағы қарым-қатынастарды заңдық тұрғыдан реттеуде жақсы рөл атқарды деп ойлаймыз», - деді № 53 мектеп-гимназиясының директоры Өмірбек АЙТУҒАНҰЛЫ.  

Әзірге «Педагог мәртебесі» Заңы аясында қандайда бір оқиға тіркелмеген. Деседе, бұл нормалар тек ата-ана мен оқушының сондай-ақ, мұғалімнің де міндеттерін тайға таңба басқандай айқындап береді дегенге сенім мол.  

Арнат Дүйсен, Рашид Шүкірәлиев «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров