|
17.01.2020 | 20:22
5208

Антен орнына сызғыш сатқан: интернет алаяқтары жұртты сан соқтыруда

Олар төлемді банктік шот арқылы емес, электронды нұсқада аударуларын сұрайды

Антен орнына сызғыш сатқан: интернет алаяқтары жұртты сан соқтыруда

Олег Расказов есімді азаматтан алдандық деп Қазақстандағы 1000-нан астам тұрғын полицияға шамданған. Ол ғаламтор арқылы 300 канал көрсететін спутниктік антенна сатумен айналысыпты. Соңында не ақша, не тауар жоқ. Алданғандардың ішінде алматылықтар да бар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Нина Добровольская – алаяқтардың арбауына түскен алматылықтардың бірі. Ол онлайн түрде спутниктік антенаны арзан бағада әрі тез алмақ болыпты. Себебі танымал әлеуметтік желіде орналасқан жарнаманың жалғандығына күмәнданбаған. Тапсырыс бергеннен кейін 1 аптаның ішінде тауар үйіне жеткізіледі. Ішін ашып қараса, антен дегені балалар ойнайтын сызғыш болып шыққан. Бәрінен бұрын бір сызғыш үшін 17 мың теңге төлегеніне өкінеді.

«Алғашқыда олардың парақшасына өзің туралы барлық мәлімет қалдыруың тиіс. Телефонымды, электронды поштамды түгел жаздым. Аз уақыттан соң бір қыз менің тапсырыс рәсімдегенім жайында хабарласты. Тауар үйге келгеннен кейін алданғанымды білдім. Зейнеткер үшін 17 мың теңге біраз ақша ғой. Дәл қазір мына сызғышпен немерем сурет салып жүр», - деді Нина ДОБРОВОЛЬСКАЯ.

Ғаламтордағы алаяқтық деректерінің азамай отырғанын полиция қызметкерлері де мойындайды. Айтуларынша, интернет желісінде тауарлар мен қызметтерді жарнамалау, қаржы ұйымдарының атауларын бүркеніп адамдардан құжат қабылдау және қаржылық пирамидаға ақша тарту секілді үш түрі кең етек алған. Заңсыз істі кәсіп еткендер қажетті төлемдерді әдеттегідей банктік шот арқылы емес, электронды нұсқада аударуларын сұрайтын көрінеді. Ал оларды тез анықтап ұстау, көп жағдайда мүмкін емес. Себебі алаяқтардың желіде жариялаған телефон номерлері ресми тіркеуде де жоқ дейді тәртіп сақшылары.

«2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласы бойынша интернетте алаяқтықпен айналысып жүрген 1600 адам тіркелді. Оның 500-ін анықтап, 50-іне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Мұндай алаяқтардың саны соңғы 5 жылда күрт өсіп отыр. Олардың көбі – сауда-саттық саласында жұмыс істейтіндер», - дейді қалалық ПД криминалдық полиция басқармасының бөлім басшысы  Талғат БӨЛЕГЕНОВ.

Жалған ақпаратты желдей ұшырып ала жөнелетіндер жауапкершілік жүгін сезінбей отыр. Алаяқтардың саны жыл санап артып барады. Бұл қолма-қол ақшасыз төлемдер, электронды түрде аударудың артуымен де байланысты көрінеді. Желідегі алаяқтардың арбауына түскендер өзгелерді сақ болуға шақырды

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир