|
07.11.2023 | 19:58
5252

Елімізде жол сапасы қашан жақсарады

Бүгінде республикалық маңызы бар жолдың 6 мың шақырымнан астамы жөндеуден өтіп жатыр

Елімізде жол сапасы қашан жақсарады Almaty.tv

Қазақстанда жол сапасы жақсармай тұр. Ауданаралық және елдімекенді жалғайтындардың жайы айтпаса да түсінікті. Бүгінде республикалық маңызы бар жолдың 6 мың шақырымнан астамы жөндеуден өтіп жатыр. Бұл мәселеге Президенттің өзі халыққа жолдауында ерекше мән берген еді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Сала мамандары жыл соңына дейін тақтайдай тегіс су жаңа 856 шақырым күре жол қолданысқа беріледі деп отыр.

Алдағы 6 жылда елде 4 мың шақырымнан астам жол жөнделуі тиіс. Бұл меже Мемлекет басшысының жолдауында айтылды. Қазіргі күні республикада 25 мың шақырым күре жол болса, соның 6 мыңында құрылыс жүріп жатыр. Салада түйткіл көп. Сапа сын көтермейді. Жайлаған жемқорлық та елдімекендегі халықты қырық жамау жолмен жүруге мәжбүрлеп отыр. Президент олқылықты жою үшін жергілікті билікке тиісті тапсырма берді. 

«Биыл мемлекеттік тапсырмаға сәйкес, біздің алдымызда тұрған міндет – бұл шамамен 856 шақырымды пайдалануға беруіміз керек. Олар биыл 100 пайыз қамтамасыз етіледі. Қазір бұл учаскелерде асфальт-бетон жұмыстары толығымен аяқталды. Қазір жол белгілерін орнату, қоршау жұмыстары қалды», – деді  «ҚазАвтоЖол» ҰК» ақ басқарма төрағасының орынбасары Сырым Хамзин.

Қазақстанда автокөлік жолының сапасы ең нашар өңірлер көшін Батыс Қазақстан облысы бастап тұр. Аймақтағы күре жолдардың 46 пайызы ғана қатынауға жарайды екен. Саладағы мәселенің шешілмей тұрған себебінің бірі – қажетті кадрлардың жетіспеушілігі дейді сарапшы маман.

«Бізде жолдардың ақысы арзан. Еуропадағы елдермен салыстырғанда өте төмен. Тіпті отандық ғалымдар ойлап тапқан прогрессивті бағыттарды да уақытында қолдана алмаймыз. Ол да өз кезегінде сапаға әсер етеді. Жол құрылысына сапасыз битум, қиыршық тас əкелу дерегі де тіркелген. Бұл бірден реттей салатын жұмыс емес», – деді Қазақстан автожолшылар қауымдастығының президенті Бағлан Баймағамбетов.

Алдағы 6 жылда ұлттық стандартқа сай 300-ден астам қызмет көрсету нысаны салынбақ. Облыстық және аудандық маңызы бар 14 мың шақырым күре жолды жөндеу де көзделген. Бастама қырық жамау болған күре жолдардың жағдайын жақсартуға бағытталған.

Оразай Нұртай, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир