Елордада көпқабатты үйдің тұрғындары бір айдан астам уақыт ыстық сусыз отыр. Халықтың айтуынша, бұл мәселе әбден мезі қылған. Өйткені көп жылдан бері ақауды өз ақшаларына жөндеткенмен, ұзақ уақыт өтпей бәз қалпына келеді екен. Себебі 60 жыл бұрын салынған үйдің жыртығын қанша жамаса да таусылмайды дейді. Толығырақ мәселенің мән-жайын білген Almaty.tv тілшісі Нысанбай Қаламқас айтсын.
Бас қаланың Янушкеевич көшесінде орналасқан мына үй тұрғындары қақаған қыста ыстық суға зар болып отыр. Айтуларынша, коммуналдық қызмет үшін ай сайын 15-20 мың төлейді. Шағымдарын айтып әкімдікке де барған. Алайда нәтиже болмапты.
Ал, 11 жылдан астам уақыт осы үйде тұратын Алтын Тоқсанова үйді сүріп қайта салу керек дейді. Себебі ескі үй болған соң мәселесі шашетектен деп отыр.
«Бізге сантехниктің өзі айтқан мына құбырлар жарамайды енді, ауыстыру керек деп. Бізде тек құбырлар ғана емес, үйдің өзі ескі. Екі жыл бұрын үй сүріледі деп айтқан болатын. Ал, әкімдіктегілер келеді де, уәде береді барлығын істеп береміз деп. Бірақ кейін іс сол күйі аяқсыз қалады», – деді қала тұрғыны Алтын Тоқсанова.
«Бір жарым ай болды ыстық су жоқ. Ыстық суды тефальға қойып жылытып, балалардың кірі болсын, балаларды жуындыратын болсақ та осылай тефальға қойып шомылдырамыз. Менде үш бала бар. Маған өте қиын болады. Бір-бірін шомылдырып боламын дегенше суым суып қалады», – деді қала тұрғыны Әйгерім Тәжімолда.
Сонымен қатар тұрғындарды мына жоғарыда орналасқан су құбырлары алаңдатып отыр. Алда-жалда жарылып, ойнап жүрген балаларға зияны тимей ме деп қорқады. Өйткені бұл уақытқа дейін де құбырдан су кетіп, қабырғалар да құлай бастаған.
Үйге жауапты пәтер иелері кооперативінің төрағасы денсаулығына байланысты сұхбат бере алмайтынын айтты. Ал, әкімдіктегілер тұрғындардың сөзін жоққа шығарып аталған үй сүрілмейтінін жеткізді. Себебі:
«Егер техникалық сараптама қорытындысы комиссия отырысы бойынша аталған үй біріншіден апаттық үй деп табылса, содан кейін келесі бұзу мәселесі қарастырылады. Нұр-Сұлтан қаласындағы апатты жағдайлардағы тұрғын үйлерді бұзу 2020-2023 жылдарға арналған бағдарламасында тізімінде жоқ», – деді Нұр-Сұлтан қаласы Байқоңыр ауданы үй инспекциясының бөлім басшысы Бекзат Тамшыбай.
Әкімдік өкілі тұрғындар нысанға жөндеу жұмыстарын жүргізетін болса, кететін шығынды өздері өтеуі керек деген кеңес берді. Демек, ары қарай қалталарынан қаражат шығарып ыстық судың мәселесін өздеріне шешулеріне тура келіп тұр.
Қаламқас Нысанбай «Алматы» телеарнасы