|
15.09.2022 | 19:58
4731

Ит байласа тұрғысыз: Атыраудағы жатақхана тұрғындары наразылық білдірді

Баспана 1990 жылы салынған

Ит байласа тұрғысыз: Атыраудағы жатақхана тұрғындары наразылық білдірді Almaty.tv

«Ит байласа тұрғысыз» үйді паналауға мәжбүрміз. 30 жылдан бері жатақхана тектес баспанада тұрып келе жатқан Атырау тұрғындары наразылығын білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Атырауда 1990 жылдары салынған жатақхана тектес 12 үй сүріліпті. Тек екеуі әлі қолданыста дейді тұрғындар. Осыдан 3 жыл бұрын жүргізілген техникалық тексерістен кейін әкімдік мұндағыларды көшіреміз деп сендірген. Араға уақыт салып адам тұрғысыз үйге тек күрделі жөндеу жүргізумен шектелетінін жеткізген.

«Балалармен 13 квадрат метрде тұрамыз. 3 балам бар, күйеуім бар. Бесеуіміз. Үй аламыз дегенде 5 жылдан бері алдап келді. Қайдағы модернизация?  Бір есіктен кіргенде 4 пәтер. Әжетхана, асхана, жуынатын бөлме ортақ», – деді қала тұрғыны Нұрсұлу Нұрмағамбетова.

Сол жылдары бой көтерген бұл жатақхана алғашында медицина саласының мамандарына берілген. 1 қабатта 8 бөлме болса, олардың әрқайсысы 13 шаршы метрді құрайды. Қазір бұл аядай бөлмелерде егде тартқандар мен отбасы тұрып жатыр. Өйткені басқа барар жері, басар тауы жоқ.

«Бізге бұл үйді 90 жылы берді. Сонда жұмыс орнынан дәрігерлерге берді. Бұнда 70 жасар зейнетке шығып отырған адамдар да бар. Біздің жағдайымызды ойлайтын адам жоқ. Біздің талабымыз – үйді сүріп, көшірсін», – деді қала тұрғыны Балым Садығұлова.

Медицина саласына еңбегі сінген мамандар бірнеше мәрте жауапты мемлекеттік органдардың табалдығырын тоздырып та көріпті. Бірақ сауалдары діттеген жеріне жетпей қалған. Тұрғындардың назын естіп, облыс әкімінің орынбасары өзі келіп бір аралап шықты.

«2017 жылы техникалық байқау жүргізілген. Одан бері қарай 5-6 жыл өтіп кетті. Біздер қайтадан техбайқау жасатамыз, соның қорытындысы бойынша шешім қабылдаймыз. Менің ойымша,  жатақхана сүріледі. Бізге біріншіден негіз керек. Мемлекеттік қызметкер болғаннан кейін заң жүзінде шешім қабылдаймыз. Сондықтан техникалық байқау негізінде нақты шешім шығады», – деді облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев.

Қазір Береке ықшамауданында 240 пәтерлік жатахқана тектес тұрғын үй салынып жатыр екен. Сиқы кеткен үйді паналаған тұрғындар сол жерге қоныс аударғысы келетінін де жасырмады. Ал әкімдік өкілінің айтуынша, техникалық тексеріс нәтижесінде нақты шешім жыл соңында бір-ақ шығады. Әзірше ескі үйде тұрып жатқандардың күтуден басқа амалы жоқ.

Назкен Еркін, Райымбек Әділгерей, Айбек Байзақ, «Алматы» телеарнасы, Атыраудан

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир