Зообақ – цирк емес: хайуанаттар бағына қай кезде баруға болады

20.04.2023 00:58

Соңғы 3 жылда Алматы хайуанаттар бағы 150-ге жуық төл алған

Almaty.tv

Зообақ – цирк емес! Алматы хайуанаттар бағының қызметкерлері жануарларды тамашалау үшін қай уақытта бару керектігін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Тарихы тереңде жатқан зообақта жуық арада жаңа вольерлер пайда болады. Биыл онда аңдарға арналған азықтандыру бөлімі салынса, ал 2024 жылы «Африкалық саванна» және «Арктика» кешенінің құрылысы басталады. Ерекшелігі сол, ол хайуанаттардың шығу тегіне, мекен ететін жеріне ұқсап жасалады. Ал жануарлар коллекциясына келсек, күтімі жақсы аңдар зообақта ұзақ өмір сүреді екен.

«Адам қарап, күтіп жасаған жануарлардың өмірі ұзарады. Тіпті, 2 есе ұзаруы мүмкін. Мысалы, жолбарыс табиғатта өмір сүруі уақыты 8 жылдан 10 жылға дейін болса, бізде зообақта 18 жылға дейін ұзарады. Бұл жерде дайын тамақ, дайын қоршау, дайын медициналық қызмет», – деді «Алматы хайуанаттар бағы» даму бөлімінің меңгерушісі Ақжами Рахимова.

Зообақтардың басты мақсаты – жойылып бара жатқан жануарлардың қорын сақтау және олардың санын көбейту. Бұл міндетті толық атқарып жатырмыз деген хайуанаттар бағының қызметкерлері соңғы 3 жылда 60-қа жуық жануар кәріліктен өлгенін айтты.

«Өмір бар жерде өлімде бар. Бізде жылына 25-30 жануар өледі. Бәрін емдей аламыз. Адамдар да өліп жатады. 7 пайызға дейін өлім болуы мүмкін. Бірақ біздің зообақта оның мөлшері 1 пайызға жетпейді», – деді Ақжами Рахимова.

Халықтың көбі қашан барсақ та, хайуанаттар вольерлерде тығылып жатады. «Бірі ұйқыға кетсе, қалғаны көпшіліктен қашады» деген пікірде еді. Мұндай жағдайдың жиі орын алатанынын зообақ қызметкерлері жасырмайды. Өйткені, әр жануардың өзіне тән қореқтенетін, демалатын уақыты бар. Мәселен, жолбарыстар 20 сағат ұйықтап, 4 сағатын ғана қорек табуға арнайды екен. Сондықтан, келушілерді оларды жақыннан көре алу үшін таңғы немесе кешкі уақытқа келуге шақырды.

Алматы зообағында былтыр суда жүзетін құстарға тоғандар қайта жөндеуден кейін қолданысқа берілді. Сонымен қатар, соңғы 3 жылда хайуанаттар бағы 150-ге жуық төл алған. Қазіргі уақытта 21 гектар саябақта 3800-ден аса жануар мекендейді. Олардың барлығы жеті бөлімге бөлінген.

Жадыра Омаржан, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы