Президент тапсырған «Халық алғысы» медалі Алматының Бостандық ауданындағы жергілікті полиция бөлімшесінің бастығы Жандос Жақыпбекұлына да берілді. Тура кәсіби мерекесінде мемлекеттік марапат алған азамат төтенше жағдай кезінде блок-бекеттерде қызмет еткен. Ал, Қазақстан полициясы күнімен құттықтаған Мемлекет басшысы барлық тәртіп сақшыларына алғыс білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Жұмыс оңай болған жоқ. Қасымдағы қызметкерлердің бәрі төзіп кеткен, шаршап кеткен. Демалыс жоқ. Сол кезде жолдасым звондап, қыз босандым, дені сау деген кезде бір қуаныш пайда болып, қандайда қиыншылық болса да шыдауға дайын болдық. Бұл қызмет кезінде жанұям маған жақсы көмек көрсетіп, күш қуат берді», – деді Бостандық ауданы Полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығы Жандос Тасманов.
Жандос Тасманов төтенше жағдай жарияланған уақытта Түрксіб ауданындағы полиция бөлімшесінде қызметте еді. Қалада тәртіп орнату үшін жаяу жасақтар мен полиция экипаждарын құрып, жұмысын абыроймен атқарыпты. Бірақ 1 айға жуық отбасын көрмеген. Тіпті, қолы босаған уақытта тек видеобайланыс арқылы жақындарымен шүйіркелесе алған подполковниктің сәуір айында қызы дүниеге келеді. Алайда 2 аптадай қауыша алмадым дейді. Ол қала карантинге жабылғанда, бірнеше блок-бекетте жұмыс атқарды. Қызмет барысында ереже бұзған 143 азаматты ұстаған.
«Қиын жағдайдың бірі – біздің халқымыз, облыс, қала тұрғындары «қаланы сіздер неге жабасыздар» деп түсінбеді. Үлкен кісілер келеді, біреулер баласын ұстап келеді қолына. Басқалары әр түрлі жағдаймен келеді. Бірақ заңға сәйкес болмайды. Түсіндірдік бәрі. Қазір соның арқасында мына індеттің тез тарамауына жол берілмеген іс-шараның бірі деп ойлаймын», – деді Бостандық ауданы Полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығы Жандос Тасманов.
Ал, бүгін Жандос Тасманов полицейлердің кәсіби мерекесі қарсаңында мемлекет басшысының өткізген онлайн конференциясына қатысып, ерен еңбегі еленді. Халық алғысын алған елдегі екі полицейдің біреуі болды.
Олар қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін күні түні талмай еңбек етеді. Халықтың басына ауыр күн туғанда блок-бекеттерді күзетіп, тұрғындар арасында қауіпті індеттің жайылмауына ерекше үлес қосты. Тәртіп сақшыларының осындай ерен еңбегін халық жоғары бағалайды. Ал, бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев полиция қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, «Біз біргеміз» деген жазуы бар "Халық алғысы" атты құрмет медалімен марапаттады.
Қазіргі уақытта көшелер мен аулаларды патрульдеу күшейтіліп, қаланың барлық аудандарында полицияның мобилді пункттері жұмыс істеп жатыр. Сол себепті де қылмыс деңгейі күрт қысқарған. Бүгінгі күні Алматыда екі мыңнан астам полиция қызметкері тәулік сайын қоғамдық тәртіпті сақтау жолында аянбай қызмет етуде. Тіпті, өміріне қауіп төнсе де антына адал сақшылар міндетін мүлтіксіз атқарады. Ал, қызметте жүріп қаза болғандардың есімі ешқашан ұмытылмақ емес.
Дәл осы төтенше жағдай кезінде блок-бекетте жол апатынан опат болған жігіттер полицей жұмысының қиын екенін көрсетті. Ал, қауіпсіздікті қорыған тәртіп сақшыларының еңбегі қашанда ерен.
Аяулым Көлжігіт, Арсен Сандыбаев, «Алматы» арнасы