Алматыда санитария ережелерін пысқырмайтын жеке медициналық мекеме уақытша жабылды. Ондағы олқылықтар ретке келмейінше, есігіне қара құлып салынды. Ал Алмалы ауданындағы қоғамдық тамақтану орындарында дұрыс жұмыс істемейтін тепловизор тұр. Ірі асханаларды тексерген мамандар құрылғы бәрінде бірдей дене қызуын көрсеткенде таңғалды. Көзбояушылық жасайтын кәсіпкерлер жайлы Almaty.tv тілшісі тарқатады.
Мұнда құны қымбат ПТР тесттін тапсыруға келетіндер таңғы сағат 07.00-ден бастап кезекке тұрады. Бірі жұмысқа, бірі қажетті жеріне тілдей құжатқа қол жеткізу үшін арақашықтық сақтауды ұмытқан. Бірақ медициналық мекеме жанындағы тұрғындар олар үшін алаңдаулы. Сондықтан да Бостандық ауданы әкімдігіне де жанайқаймен хабарласқан. Сөйтсек, шынында да жекеменшік зертхананың маңы халыққа толы. Ал мамандар кіреберістен бастап кемшіліктер бар деді.
Жекеменшік зертханада келушілердің дене қызуын өлшеп жатқан ешкім жоқ. Құрылғысы бар болғанымен қолданыста жоқ. Ал кассир қыздар өздерінің дене температурасын А4 қағазға жазады екен. Мамандар егер ол жоғалса, жұмыскерлердің қандай жағдайда отырғанын ешкім дәлелдей алмайды дейді. Ал касса маңында арақашықтық сызығы сызылмаған. Ең сорақысы, мұнда тапсырған ПТР тесттің жауабын алуға келіп жатқандар да бар. Сондықтан жұмыс істеу тәртібін өзгертіп, санитариялық нормалар сақталмайынша, мекеме жабылды. Ал басшылықтан ешкім болмағандықтан, тазалық сақшылары шақырту қалдырды. Десе де халық кезекке таласып жатты.
Ал мұндағы жағдай тіпті қызық. Барлық келушілер мен қызметкерлердің дене қызуы тек 34,7-ні көрсетіп тұр. Осы кезде тексерушілер құрылғының істен шыққанына анық көз жеткізді. Әзірге кәсіпкерлердің көзбояушылық ретінде бұзылған тепловизорды қанша қолданғаны белгісіз.
Оқиға орнынан:
– 34.7.
– Ондай температура бола ма?
– Бәрімізде бірдей ме?
– Ой, қойыңыздаршы болды!
Ал жұмысшылар масканы жиі ауыстырмайды екен. Оны кассир келіншек мойындады. Олар үнемдеу үшін белгіленген уақыттан көп тағатын болып шықты. Бірақ келушілермен жұмыс істейтін персоналға бұлай жасауға болмайды.
Мамандар рейдтік шаралардың әлі де жалғасатынын ескертеді. Сондықтан, барынша сақтық шараларын сақтап, ережелерге мән беруге шақырады.
Жадыра Омаржан, Мейрам Исабеков, Медет Саматұлы, «Алматы» арнасы