|
23.01.2023 | 20:58
2393

Петропавлда жабайы еліктер қала ішінде жүр

Мамандардың айтуынша, бұл - көрші елден келген Сібір еліктері

Петропавлда жабайы еліктер қала ішінде жүр Almaty.tv

Петропавлда жабайы еліктер қаптап жүр. Соңғы күндері қала көшелерінде оларды жиі байқауға болады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Әлеуметтік желіге жүктелген бейнекадрлерден ен дала еркелерінің қала көшелерінде емін-еркін жүргенін байқауға болады. Көзбен көріп, ұялы телефондарына түсіріп, қызықтап жатқан тұрғындар оларды шаһар сыртындағы айналма жол мен орталық көшелерде жиі кездестіретін көрінеді.

«Аялдамада тұрған уақытта жүгіріп келе жатқан елікті көрдім. Қолымда ұялы телефон болып, түсіріп алдым. Шынымды айтсам, қала ортасында жүрген жабайы жануарды алғаш рет көруім», – деді қала тұрғыны Илья Пфайфер

Облыс орталығының бірнеше жерінен тұрғындардың назарына іліккен жабайы еліктер адамдардан да, техникадан да шошып, үркімейтін көрінеді.

«Құрбымыз екеуміз кешкісін орталық көшеде кетіп бара жатып елікті көрдік. Жолды кесіп өтті. Көліктерден де, адамдардан да қорыққан жоқ. Мұны көріп таңқалдық», – деді  қала тұрғыны Виктория Старкова  

Мамандардың айтуынша, бұл - көрші елден келген Сібір еліктері. Былтыр ол жақта қар қалың түсіп, аяз күшейген. Сондықтан азық таппай Қазақстанға көшіп келген.

«Ресейдің кей облысында қараша айының басында ауа райы бұзылып, қар жауып, аяз болды. Еліктерге сол кезде азық табу қиынға соққан көрінеді. Ал біздің облыста ауа райы қолайлы. Қарап отырсаңыз, жабайы жануарлар адамдардан аса қатты үркімейді. Еліктердің біздің жақтан емес екенін бірден байқауға болады», – деді СҚО Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясы бөлімінің басшысы Олег Беспалов.  

Бұған дейін жануарлар Мамлют, Қызылжар және Мағжан Жұмабаев ауданында жиі көзге түскен. Мамандар тұрғындарды еліктерді қорқытпауға шақырады. Ал қала ішінде немесе алыс жолға шыққандарға жолда қырағы болуға кеңес береді.

Нұргүл Алина, Азамат Елубаев, «Алматы» телеарнасы, СҚО

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир