Алатау қаласында 110 мың жұмыс орны ашылады
Адам емдеуге жарамай қалған аурухана қайта салынады. Жуырда ғана қала статусына ие болған Алатауда көпшілік күткен көңіл көншітер жаңалық көп, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен мәртебесі өсіп жатқан бұрынғы Жетіген, қазіргі Алатау расында айрықша көңіл бөлуді қажет еткелі қашан?! Тоғыз жолдың торабында, логистикалық ыңғайлы аумақта орналасқан ел әзірге транзиттік дәліздің пайдасын көрмей келеді. Жол бүлінген, көп көшеде асфальт атауымен жоқ. Өрт бола қалса, арнайы бригада келмейді, өйткені бекет болмаған. Көшесін ит пен қоқыс басқан қаланың тұрғындары табыстың көзін саудадан көреді, я мектепте сабақ беріп, санаулы кәсіпорында қызмет атқарады.
Қала статусына жаңа ғана ие болған Алатауда инфрақұрылым ақсап тұр. Ескі үйлер, пайдаға аспаған ғимараттардан көз сүрінеді. Шамамен 25 мың тұрғынның 10 мыңнан астамы Алматыда жұмыс істейді. Өйткені екі қолға бір күрек табу қиын. Қызмет үшін ары-берісі кемі 100 шақырым жол жүретін азаматтар қордаланған мәселелердің жуық арада шешіле қоятынына сенбейді.
Кездескен көп адамның айтары - қала келбетінің тозуы. «Талай есікті қағып, табан тоздырдық» деген азаматтар санаулы уақытта жағдай жақсарып кетпейтінін біледі. Бірақ үміт артады, алдағы онжылдықта бәрі оңалады деп сенеді.
– Қала болдық, қуаныштымыз. Жұмыс орны болады, – деді Алатау қаласының тұрғыны Зәуре Әбдилеева.
– Газ жоқ, көмір жағамыз. Бірақ ыстық су, суық су, бәрі бар. Бәріміз де қуанып жатырмыз. Құдайға шүкір, балалар мектеп бітіріп жатыр. Оларды қалаға жібергенше, осында оқиды. Балаң жаныңда болса, анаға одан артық бақыт бар ма?!– деді Алатау қаласының тұрғыны Айткүл Макина.
Кіммен кезіксең де, ағайынның әуелгі айтары – тоз-тозы шығып, дәрігері қалмаған аурухана. Қазір мұнда бейінді маман атымен жоқ, ғимараттың өзі де құлауға шақ тұр. Сабылып, ауданнан ем іздеген азаматтар «қала деген деңгейге лайық болу үшін алдымен әлеуметтік нысандарды қалыпқа келтірсе» деген тілегін жасырмады.
– Аурухана мәселесін айта-айта шаршадық. Адамдар бармайтын болған. Статус көтеріліп жатқан соң, жақсыға сенеміз. Өзгеріс ең алдымен халыққа қажет нысандардан басталса екен деген тілек бар, – деді Алатау қаласының тұрғыны Елена Александрова.
– Аурухана салынады. Себебі қазіргі аурухана 50 жыл бұрын салынған. Ол дұрыс қызмет көрсетпейді. Ауданда 30 елдімекен бар. Соның үшеуінде Қойған, Жаңа Арна, Еңбекте газ жоқ. Орталық магистраль бар, биыл салынады, – деді Іле аудандық мәслихатының төрағасы Роза Әбілова
Тізбелеп айтқанның бәрі енді ғана қолға алынған көп жоспардың санаулысы ғана. Істерге іс жоқ деген тұрғындарға алдағы уақытта 110 мың жұмыс орны ашылып, 170 жобаға 12 жарым трлн теңге тартылмақ. Тағы 47 трлн басқа да жобаларға жұмсалады. Жетігенде 6 мектеп 1 балабақша болса, Алатауда 168 мектеп, 200 балабақша бой көтереді. Инвесторлар есебінен атқарылатын бұл істің бәрі қаланың экономикалық аймаққа айналуын көздемек.
Мадина Оқас, Сағынғали Мұңайтбасов, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Батпаққа батып қалдық: Талғар ауданындағы ауыл көшелерін жөндеуге қаражат жоқ па