Батпаққа батып қалдық: Талғар ауданында ауыл көшелерін жөндеуге қаражат жоқ па

Almaty.tv.
Almaty.tv.
Ақ көйлек, қырлы шалбар киген оқушының балшыққа құлаған жазбасы әлеуметтік желіде тез тарады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Бұл жер орталық болғанша мен кемпір болатын шығармын». Осылай деген Алматы облысы Жалғамыс ауылының тұрғыны елге келеке болғанын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл бейне желіге жүктелгеннен бастап, жалпақ жұртқа тез тарады. Ақ көйлек, қырлы шалбар киген оқушының балшыққа құлап, үсті-басы малмандай болғанына көптің жаны ашыды.

«Әлеуметтік желідегі баланы мен салдым. Ол рас. Күнде қаншама бала мектепке барады. Жалғамыс ауылының әр көшесі осындай батпаққа батып жатыр. «Бұл жерді Талғар ауданының орталығы болады» деп жатыр. Орталық болғанша, мен кемпір болатын шығармын, – дейді ауыл тұрғыны.

Тұрғындар көшіп келгелі көшеге ден қойған басшы көрмеген. Жүру қиындаған соң, өзара ақша жинап, тас төккен. Электр жарығын қосу үшін бағаналарды да 2 көрші бірігіп орнатып, тоқ қуатын тең бөліп алған.

– Суды өзіміз ақша төлеп, тартып алдық. Енді жолға асфальт төсеп берсінші. Балаларға қиын болып тұр, – деді Жалғамыс ауылының тұрғыны Назипа Дүйсенбаева.

– Несиеге 3 аяқ киім алып бердім. Кешке сол аяқ киімдерін алып барып, балаларды күтіп аламын. Балалардың аяғынан су өтіп кетеді. Менің күнде етік алып беретін ақшам жоқ, – деді Жалғамыс ауылының тұрғыны Нұрлан Қалбаев.

Ал шыттай киініп келген әкім қонышы қарға толып, тізеден су кешкен көпшілік алдына не үшін келгенін білмегенге ұқсайды. Өзін екі сағат күткен халыққа "Не мәселе?" деп сұрақ қойды.

– Түсінбедім, неден хабарым бар ма? Не мәселе? Жол мәселесі бойынша Қайнар ауылдық округінде 12 ауыл бар. Бірінші 5 км жолды жөндеуге қаражат берілді,  кезегімен жасалады. Қосымша сұраныс берілді. Округ бойынша қаражат қанша беріледі, соны бөлеміз. 2021-22 жылдары 2 шақырым жол жасалды, 2023 жылы тағы 2 км жол жөнделді. Биыл 5 км жолды сметаға қосып отырмыз. Қосымша көмек сұрайтын демеушілер де жоқ, – деді Қайнар ауылдық округінің әкімі Нұрбол Есенбаев.

Тасжолдан тарыққан тұрғындарға әкім нақты ештеңе айта алмады. Оның айтуынша, жоғарыдан бөлінетін қаржыға байланысты мәселе де шешімін табады. Ал уақытша тас төсетіп беруге шамасы келмейді. Сондықтан бұқара биыл да өз ақшасына жол салмақшы.

Әлібек Шынтемір, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Аязда далада қалдық: Ұлытау облысындағы тұрғындар апатты үйге кіруге қорқады

Новости партнеров