Алматыда ықшамаудан тұрғындары жол мәселесіне шағымданды – әкімдік жауабы қандай

Almaty.tv
Almaty.tv
Алғабас ықшамауданының тұрғындары ойқы-шойқы жолдар әбігерге салды деп базынасын айтты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қалада тұрсақ та, ауылдың күйін кешіп, жол азабын тартып жүрміз. Осылай деген Алатау ауданы Алғабас ықшамауданының тұрғындары ойқы-шойқы жолдар бәрімізді әбігерге салды деп базынасын айтты. Соның кесірінен діттеген жерімізге жете де алмай, шақырған кісіні күте де алмай қиналамыз деп мұңын шақты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

  

Гүлнәр Жаһанованың Алғабас ықшамауданында тұрып жатқанына 20 жылға жуықтаған. Ойқы-шойқы жолдың кесірінен үйіне кіріп-шығуы қиындаған. Өз ақшасына тас түсіріп, жолдың шұңқырын жамап әуре.  

«Бала-шағам бар, әйтеуір, жейтін тамаққа ақша жібереді. Жол жылда осындай болып кетеді.  Бұзылады, қайта жамайды, қайта қазады. Сондықтан өзіміз сол қаржымызға жылына 2-3 машина тас төгіп, өзіміз жасаймыз», - деді Алатау ауданының тұрғыны Гауһар Жаханова.

Алғабас ауданының тұрғындары ойық-ойық жолдың азабын тартып отыр. Мына жолмен күнделікті жүру оңай емес. Мұнда жедел жәрдем көлігі жете алмайды. Келген қонақтарға да әбден күлкі болдық деп ашынып отыр.

Тұрғындардың айтуынша, көше бойымен жүру мүмкін емес. Қариялар шалынып құлап, балалар су кешіп ауырып қалады. Бұл жаққа тіпті жедел жәрдем жете алмайды дейді.

«Ауылға барсақ, ауылдың өзінде барлық көше асфальтталған. Ауылдан бізге қонаққа келгендер күледі. «Алматыда тұрып, мына көшелерің не?» деп кетеді. Жедел жәрдем шақырсақ та, біз жаққа келуі қиын. Тіпті такси де шақырта алмаймыз», - деді Алатау ауданының тұрғыны Балғабай Келгембаев.

Жаңақұрылыс көшесінің тұрғындары көктем келісімен аулада серуендеу түгілі, жұмысқа барып-келуіміз мұңға айналды дейді. Базынасын айтып талай табалдырық тоздырғандарын айтады.

«Мына жолды көрдіңіз ба? Машинамен келе жатырмыз. Арасында бала-шағамды балабақшаға әрең апарамын. Мен жоқ кезде тіпті бар алмай қалады. Көлігіміз де әрқашан жөндеуде тұрып қалады. Жарты тапқан табысымыз осы көліктің бөлшектеріне кетеді», - дейді Алатау ауданының тұрғыны Ербол Қамбарбеков.

Ал Алатау ауданы әкімдігі өкілдерінің айтуынша, Алғабас ықшамауданында 32 шақырым жол салу жоспарланған. Бұл көшені жөндеуге бюджеттен қаржы бөлінген, мердігер ұйым да анықталған. Тек инженерлік желілерді қазу жұмыстары аяқталған соң ғана жол жөндеу жұмыстары басталмақ.

«Былтырғы жылы Алғабас ықшамауданында жоспарланған «Жаңақұрылыс» жол салу мәселесі бойынша жол салынды. Биыл да ол жұмыстар өз жалғасын табады. Жұмыстар әлі толық біткен жоқ. Инженерлік желілердің құрылыс жұмыстары қай жерде аяқталды, сол жерде биыл жол салу жоспарланып отыр», - деді Алатау аудандық коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Ертіс Бесіров.

Жалпы, Алғабас ықшамауданының қалаға қосылғанына 8 жыл болған. Содан бері ауданды дамыту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Ал 2019 жылдан бері су және кәріз желілерін жүргізу жұмыстары қолға алынған еді. 2021 болса жалпы ұзындығы 11 шақырым жол жөнделген.

Жанар Ғаниқызы, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров