Қайтыс болған азаматтарды ақтық сапарға аттандыру рәсімінің құны шарықтап кетті дейді көпшілік. Жұрт мұны пандемия кезінде көптеп тіркелген өлім-жітіммен байланыстырып отыр. Бірі жерлеу рәсімін ұйымдастарын кәсіпкерлердің сұраған бағасы қымбат десе, енді бірі сұраныс бар жерде, ұсыныс та көбейетінін айтады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жетісу ауданының тұрғыны Наталия Гобтың отбасы қара жамылып отыр. Осыдан үш күн бұрын 83 жастағы анасын жер қойнына тапсырған әйел бір жыл бұрын жан жарынан айырылған. Жақынын жоғалтып, күйзеліске түскенде жерлеу рәсімінің жөн-жоралғысын жасауға мұрша болмағанын айтады. Сол себепті осы кәсіппен айналысатындардың көмегіне жүгінген.
«Жерлеу рәсімін ұйымдастыратындарға хабарластық. Қабір қазу мен жерлеу және мәйітті тазалап жуатын қызметтерді сұрағанбыз. Бағасын естісеңіз, адам шошырлық. Бұл мәселе қазір өзекті болып тұр. Кейбіреулер осы үшін несие алып, қарызға кіріп жатады», - дейді Жетісу ауданының тұрғыны Наталья Гоп.
Қазір қабір қазу қызметінің құны 55 мың мен 85 мың теңге аралығында тұрады. Жерлеу рәсімін ұйымдастыратын кәсіпкерлер бұдан жоғары баға сұрай алмайды дейді мамандар. Себебі, бұл баға – ережеде көрсетілген көрсеткіш. Сонымен қоса, оған зират басына қоятын құлпытасты тағы қосыңыз.
Құлпытастың бағасы 40 мың теңгеден басталады. Көлемі мен жасалатын сапасына қарай ол баға одан ары өсіп отырады. 10 жылдан бері жерлеу рәсімін ұйымдастырумен айналысып жүрген кәсіпкер бейіт басында жердің сатылмайтынын айтады. Тек қабір қазу мен айналасын қоршау жұмыстарына адам жалдаса, сол қызметке ақы төлейді екен. Оның құны шамамен 100-120 мың теңгенің аралығында тұрады.
«Елде пандемия болып, өлім-жітім саны көбейген кезде бағаны шарықтатып жіберген кәсіпкерлер де кездесті. Десе де, адам жақынынан айырылып, қайғылы жағдайға душар болып жатқанда сұраныс көп екен деп, мүмкіндікті пайдаланып қалу деген дұрыс емес», – деді жерлеу рәсімімен айналысатын кәсіпкер Татьяна Мяготина.
«Алдараспан» театры да «Евромола, қарапайым адам өлмейді бұл жерге, құр ұлтарақтай жерінің өзі 50 мың евро...» деп әзіл-шыны аралас қойылымы арқылы қоғамның өзекті мәселесін астарлап жеткізген еді.
Қайтыс болған адамды ақтық сапарға шығарып салумен шектелмейді. Оған қоса, оның қонақасы мен садақасы бар. Оны да қазір көпшілік қарапайым үйде емес, мейрамхана мен тойханаларда жарысып жасайтын болды.
Ұлағат Арғын, Ескіндір Тоғысбаев, «Алматы» телеарнасы