Алматы облысының тұрғыны аядай үйінде тағдырдан теперіш көргендерді бағып отыр. Бүгінде Сәниям Мұхамедсадықова 8 зейнеткерді қамқорлығына алған. Олардың әрқайсысы бөлек күтім мен ерекше қолдау күтеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Сәниямның үйіне келген күннен бастап әр күнім мерекеге айналды» дейді Ольга Беспалова. Отбасындағы жағдай мен ұлының айғайынан шаршаған ана қазір осы үйден тыныштық тапқан. Әрине, мұның дұрыс еместігін білсе де, 64 жастағы тұрғын кетіп қалғанына еш өкінбейтінін айтады.
«Ол үйде бәріне кедергі болатынмын. Ас үйге кірсем, әйтеуір, бір мін табатын. Бөлмеге тығылғаннан басқа амал қалмады. Ал мына жер жаныма жайлы, жылы. Басқалардың алдында сыйым да бар. Соня керемет адам, екінің бірі бұлай істей алмас еді», - дейді Іле ауданының тұрғыны Ольга Беспалова.
Сәнияммен бірге тұратын әр адамның тағдыры әрқилы. Әрқайсы өздігінше қиын, күрделі. Мысалы, Александр есімді зейнеткер қант диабетімен ауырады, 8 жыл бұрын аяғынан айрылғаны тағы бар. Әйелі мен ұлынан көз жазып қалуы да тағдырдың кезекті сынағы болыпты. «Өмірден баз кешіп кетпеуге осы орта себеп» деген Александр Сәниямға рахмет айтудан шаршамаймын дейді.
«Жақсы тұрамыз, тату-тәттіміз. Бүгін ақпанның сегізі екен ғой. Мұнда келгеніме тұп-тура 4 жыл 1 күн болыпты. Осындай адамдармен отбасы болғаныма қуаныштымын!» - дейді тағы бір тұрғын Александр Неворотов.
Сәниям Мұхамеджанова «Мұның бәрі 6 жыл бұрын, саябақта күні бойы барар жері болмай, жалғыз отырған қарияны көргенде басталды» дейді. Бейқам өтпей, бағып алған ақсақалға 4 жыл күтім жасапты. Одан бері 15 адаммен бір отбасыдай болып, бірге тұрған. Қазір олардың сегізі Сәниямның жанында.
«Интернатта тұрдым, тәрбиеші қайырымдылықтың маңызын жете түсіндіріп өсірді. Шамаңның жеткенінше тамақ беріп, көңілін аулауға тәрбиеледі. Соның әсері ме деймін. Әрине, үйіміз тар, бірақ көңіліміз кең. 80 шаршы метрде тұрамыз. Әзірге жағдай – осы», - деді Іле ауданының тұрғыны Сәниям Мұхамедсадықова.
Кейіпкердің қайырымды ісіне күйеуі жан-жақты көмектеседі. Себебі, мұнда зейнеткерлерден бөлек, мүмкіндігі шектеулі жандар да бар. Ал экранның арғы жағында бұл отбасыға көмектесіп, ізгі іске титтей де болса үлес қосам деушілерге +7 705 107 54 19, +7 707 639 02 76 нөмірлері бойынша ақпар қалдырдық.
Мадина Оқас, Ануар Амангелдинов, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы