Алматылықтар Мақтаарал ауданына 70 тонна гуманитарлық көмек жіберді

ernur.kz
ernur.kz
Бұл туралы қала әкімдігінде өткен онлайн брифингте Nur Otan партиясы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Станислав Канкуров мәлімдеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматылықтар  топан судың астында қалған мақтаралдықтарға 70 тонна гуманитарлық көмек жіберді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл туралы қала әкімдігінде өткен онлайн брифингте Nur Otan партиясы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Станислав Канкуров мәлімдеді. Есте болса, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев зардап шеккен отандастарымызға көмек көрсетуге шақырған еді. Nur Otan партиясының қалалық филиал төрағасы Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасымен тез арада көмек жинақталды.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес cу Түркістан облысының тұрғындарына әр өңірлерден көмек көрсетіліп жатыр. «Біргеміз» акциясы аясында бірнеше автокөлік Түркістан облысына шығатын болады. Оның ішінде азық-түліктер, киім, басқа да заттар керек заттарды жалпы көлемі 70 тонна», – деді  Nur Оtan партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Станислав КАНКУРОВ.

Гуманитарлық көмек халық өзі сұраған сұраныстардың негізінде жасақталды. Олар негізінен халыққа қажетті азық-түлік өнімдері мен киім-кешек, төсек жабындары мен гигиеналық заттар. Сондай-ақ, Алматыдан Мақтарал ауданына Jas Otan жастар қанатының 7 еріктісі бірге барады.

«Біз Алматы қаласынан жас отандықтардан құралған арнайы волонтерлер тобын алып бара жатырмыз. Олар сол жаққа барғаннан кейін жүктерді жайғастыруға, түсіруге, тасымалдауға көмек береді. Барлық карантин ережесі, төтенше жағдай ережесі сақталынды. Әрқайсысы коронавируске қатысты тестілеуден өтті. Енді осындай кезде тосылып қалмай, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, қоғам болып бірігіп, Мақтаралға көмегімізді тигізуге кішігірім болса да, өз үлесімізді қосуға тырысып жатырмыз», – деді Алматы қалалық "Jas Otan" жастар қанатының төрағасы мәди АХМЕТОВ

Қысқа уақыт ішінде қиналғандарға көмектесуге ниет еткен кәсіпкерлер де табылды. Олар қиын сәтте мақтааралдықтарды қолдап, қолдан келгенше бар қаржыларын аямапты. Айта кетейік, гуманитарлық көмекке қаржы «Жаңа Алатау» қорынан да алынды. Айта кетейік, игі іс жасауға өз үлесін қосқандардың өздері де Мақтаарал ауданына аттанады.

«Қазір Мақтаарал ауданында қиын жағдай болып жатыр. Бірнеше ауылды су басып, біраз халық баспанасыз қалды. Кәсіпкерлер болып, осында бір-бірімізбен хабарласып, әкімдік, Алматы қаласындағы Nur Оtan партиясының филлиалдарымен  бірлесіп, осындай көмек көрсетуге шықтық. 5 миллионнан астам қаржы жұмсадым. 20 тонна жүк тиедік. Оның ішінде, 10 тонна ұн, 2,5 тонна күріш, 2,5 тонна макарон бар. 1 тоннадан астам май бар. Сонан соң 2 мыңға жуық аяқкиім бар. Оның ішінде ерлерге арналған, әйелдерге арналған аяқкиімдер де  бар», – деді кәсіпкер Мұхтар ЗУЛЕЕВ

«Бұл бірінші көмек емес. Былтырда Арыста болған кезде де сол жаққа біз 60 тонна құрылыс материалдарын жіберген едік. Бұл жылда Ораза айында көмектесіп жатырмыз. Құны 10 млн теңге болатын  30 тонна азық-түлік жібердік. Егер ол жақта жетіспесе, біз оған тағы дайынбыз. Ол жерде Ораза ұстайтындар бар. Жас балалар бар. Солардың қиналып тұрғанына, біз шыдап тұра алмадық. Біз ондай көмекке әрқашан дайынбыз», – деді кәсіпкер Абдулхалил ДОЛКУНТАЙ.

Алматыдан Түркістан облысына аттанған гуманитарлық көмек енді ертең түске таман жетеді. Тиелген жүкті тасуға қаладан арнайы барған еріктілер көмектеседі. Олар бірінші қажеттіліктегі тауарды халықтың қолына табыстамақ.

Жадыра Омаржан, Валерий Таубалдиев, Әрсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров