Алматыдағы барлық мешіт жиналып мақтааралдықтарға қажетті заттар тиелген 15 тонна гуманитарлық көмек жолдады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жіберілген жүктің ішінде азық-түлік өнімдері, көрпе-жастық, киім-кешек бар. Имамдар қайырымды іс жасауға мешітке келген жаны жомарт жамағат, еріктілер мен кәсіпкерлер көмек көрсетті деп отыр. Сөздерінше, заттар ескі емес, жаңа. Әкелген тауардың жалпы құны 6 миллион теңге тұрады. Көмек көпке аз болса, кейінірек тағы игі істі қолға алуға ниетті.
«Біз Мақтаралдағы жағдай бірқалыпқа келгенше, жамағатты, Алматы қаласының тұрғындарын, атап айтқанда, мешітке келіп жүретін тұрғындарын ұйымдастыруды жалғастырамыз. Біз тоқтамаймыз», – деді Алматы қаласы Орталық мешіттің бас имамы Еркінбек ШОҚАЙ.
Одан бөлек, Алматы мешіттері мақтааралдықтарға қаржылай қолдау көрсетуді көздейді. Ол «Зекет» қоры арқылы аударылатын болады. Қаржы 14 мамыр қолдарына тиеді. Ал гуманитарлық көлік тиелген көлік Түркістан облысына ертең жетеді.
«Бұл бүкіл қазақтың басына келіп тұрған сынақ. Осындай жағдайда біз біріміздің жанымыздан табылуымыз керек. Пайғамбарымыз хадисінде: «Кімде кім қиын жағдайда өзінің бауырының жанынан табылып, оған көмектесетін болса, Алла Тағала қамқорлық танытады», – деп айтады. Міне, сондықтан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен қазір республикада арнайы Мақтааралдағы біздің бауырларымызға көмек жиналып жатыр», – деді Алматы қаласы Орталық мешіттің бас имамы Еркінбек ШОҚАЙ.