«Жақсылық жәшігін жолдау»: Алматыда 1380 отбасыға азық-түлік үлестірілді

12.04.2020 01:01

Әлеуметтік желіде жарияланған шотқа халық өзінің шамасына қарай 100 теңгеден бастап әртүрлі сомада қаражат аударған

Almaty.tv

«Жақсылық жәшігін жолдау» деп аталған акцияға қаланың жомарт тұрғындарымен қоса кәсіпкерлер де ат салысты, деп хабарлайды Almaty.tv  тілшісі.

Әлеуметтік желіде жарияланған шотқа халық өзінің шамасына қарай 100 теңгеден бастап әртүрлі сомада қаражат аударған. Жұмыла жасалған жұмыстың нәтижесінде қаладағы мың жарымға жуық көмекке мұқтаж отбасыға азық-түлік үлестірілді. Әр қорапқа 30-35 келі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік салынған. Қаладағы 8 ауданға жолданады. Әкімдіктегілер оны шын мұқтаж жандарға үлестіруі тиіс.  

«Әр аудан мұқтаж адамдардың тізімін жасап бердік. Өзімізідің ауданға 350 жәшік алып бара жатырмыз. Ол жәшіктердің әрбіреуі көлемді, 39 келідей азық-түлік бар. Оның ішінде пиязы, картобы бар деген сияқты.  Бәріне рақмет айтамын. Ссы іс-шараны қолдаған азаматтарға рақмет айтқым келеді», – деді Алматы қаласы Алатау ауданының әкімі  Азамат ҚАЛДЫБЕКОВ.

Акция аясында кәсіпкерлер тек мұқтаж отбасыларға ғана көмек көрсетіп жатқан жоқ. Бүгінгі күнде қауіпті індетпен күресуде алдыңғы шепте жүрген медицина қызметкерлері, әскерилер және тәртіп сақшыларына да қолдау білдіруде. Оларға шет мемлекеттен арнайы маска, антисептик және қолды сүртуге арналған дезинфекциялық салфетка алдыртқан. Көмек құны 700 мың теңгені құрайды.

«Осындай кезде «Бөліссең тоқ болсың, бөліспесең жоқ боласың» деген сөз бар ғой. Осыған орай, бұл тек біздің компанияның атынан ғана емес, көмек қолын созған  достарымыз бар, әріптестеріміз бар. Менің есептеуім бойынша, қорапта 4-5 адамы бар жанұяға шамамен 20 күнге жететіндей азық-түлік бар. Ең керекті азық-түлікті салдық», – деді кәсіпкер Сырымбек ТАУ.

Арнайы жәшіктерді үй-үйге тарату үшін «оперативтік еріктілер» штабының 100-ге жуық мүшесі де тартылған. Еріктілер тобы қалалық әкімдік жаныннан құрылған екен. Олар 20 наурыздан бастап, осындай игі шараларда үнемі белсенді жұмыс істеп келеді.

«Балалар үйінен шыққан түлектер қауымдастығының біразы Алматы қаласында тұрады, отбасы құрған.  Біздің меценаттар осы отбасын құрған балалар үйінің түлектеріне қазір 25 жәшік дайындап отыр. Қазір сол жәшіктерді алып, соларға тарататын боламыз», – деді ерікті Жәнібек СҰЛТАНАЙ.

Акция ұйымдастырушылары елімізге төнген сын-сағатта осылай бірігіп, күш біріктірсек қана, барлық қиындықты бағындыруға болады деген ойда. «Кең болсаң, кем болмайсың» дегенді ұран еткен олар алда да игі істен шет қалмақ емес.

Ұлағат Арғын, «Алматы» арнасы