Елімізде 1 сәуірден бастап таңбаланбаған аяқ киімді сатуға тыйым салынады

16.03.2023 02:26

Ресми мәліметке сүйенсек, киіп жүрген әрбір екінші жұп аяқ киім елге заңсыз әкелінген

ашық дереккөз

Елімізде 1 сәуірден бастап таңбаланбаған аяқ киімді сатуға тыйым салынады. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ресми мәліметке сүйенсек, қазір қазақстандықтар киіп жүрген әрбір екінші жұп аяқ киім елге заңсыз әкелінген. Саудадағы бұл көлеңкелі айналым үлесі 48 пайызға жеткен. Шекара асып, рұқсатсыз жеткізілетін тауардың көбі – Қытай елінің өнімі. Енді міндеттелетін таңбалау мәселесіне саудагерлер тарапы қарсылық танытып отыр. Аталмыш өзгеріс кәсіптен күнделікті нәсібін тауып отырғандарға қолбайлау болмақ.

«Бұл мәселені шешу үшін тауарды шекарадан өткізгенде таңбалау керек. Себебі шекарадан өткен тауарға көтерме сауда орындарында таңба басылады, олардан  қарапайым саудагерлер сатып алғанда таңғы таңбаланады. Дүкендерге жіберіледі, осылай баға қосылады. Ал өнім қымбаттаған сайын халыққа ауыр тиеді», – деді кәсіпкер Дәурен Дауылбаев.

Қазақстан аяқ киімнің көлеңкелі айналымын жою үшін таңбалау жүйесін бастапқыда 2022 жылдың 1 сәуіріне белгілеген. Бірақ өзгеріске кәсіпкерлер дайын болмады. Саудагерлердің өтінішімен бастама 1 жылға шегерілген. Енді келер айдан бастап таңбалау және қадағалау ережесіне сәйкес келмейтін аяқ киімдер сатылымнан шығарылады. Алайда, бұл ережені бұзғаны үшін кәсіпкерлерге айыппұл қарастырылмаған. Министрлік өкілі алдағы уақытта қолданылатын шараны бизнес нысандарымен бірлесіп анықтайтынын айтты.

«Кәсіпкерлерге айыппұл салу қарастырылмаған. Бұл сұрақты басқа жолмен шешеміз. Әрбір бизнес өкілі таңбалау барысында өз тарапынан шығынға тап болып отыр. Осы шығындарды қалай мемлекеттен қайтарып ала алады. Сол туралы нормаларды бірге ақылдасамыз», – деді ҚР Сауда және интеграция министрлігінің комитет төрағасының орынбасары Айсар Шалабаев.

Елімізде соңғы жылдары цифрлық таңбалауды және қадағалауды енгізу нәтижесінде аяқ киім импорты 13 миллионға жеткен. Сауда нарығында одан түсетін салық түсімі де өткен жылдың 11 айында 2,2 есеге өсіпті. Мамандар мұны жаңа жүйенің тиімділігі деп түйіндейді.

Таңба қаптаманың сыртына жазылады. Штрихкодты сканерлеу арқылы аяқ киім туралы барлық ақпаратты білуге болады.

Кәмшат Мұхамеджан, Нұрлан Өтегенов, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы, Астана