Алматыда тұрғын үйлердің 40% мүлік иелері бірлестігіне және жай серіктестікке ауысты

Almaty.tv
Almaty.tv
Қалалық Тұрғын үй саясаты басқармасы белсенді түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыдағы тұрғын үйлердің 40 пайызы Пәтер иелері кооперативінен мүлік иелері бірлестігіне және жай серіктестікке ауысқан. Бұл туралы қалалық Тұрғын үй саясаты басқармасының басшысы мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.        

Жароков көшесіндегі №198, 200 мекенжайының тұрғындары Пәтер иелері кооперативінің жұмысына наразы. «Үй талай жылдан бері жөндеу көрмеді, қарапайым су мен жылу мәселесі ұдайы қиындық тудырады» дейді. Жаз айларында тозығы жеткен трансформатор кесірінен жарық та жиі сөнеді екен. Ал пәтер иелері кооперативі басшысын өзіміз сайламадық дейді.

«Негізі, ПИК-тің бастығын жалпы тұрғындар жиналысында сайлайтын. Бірақ соған қарамастан, бұйрық шығарып, өздері тағайындаған. Ол кісіге бір емес, бірнеше рет барып мәселемізді айттық. Істегеніне де 2-3 жылдай болып қалды. Оған «жертөле, шатырды жөндету – сіздің міндетіңіз» деп айтып жүрміз, подъездердің түрі анау, қаншама жылдан бері жөндеу жасалмаған», – дейді қала тұрғыны Айтықан Раисова.

Соңғы уақытта қалада мұндай мәселе көбейген. Алайда басқарудың бұл түрінен бас тарту кезеңі оңайға соқпайды. Себебі халық арасында мүлік иелері бірлестіктері мен жай серіктестіктердің аражігін ажырата алмайтындар жетерлік. Қалалық Тұрғын үй саясаты басқармасы белсенді түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Мәселен, жыл басынан бері тұрғындармен бірге 800 жиналыс өткізіліпті.

«Жай серіктестік дегенді қалай түсінеміз? Бұл – коммерциялық емес ұйым. Бізде бұрын тұрғын үй қатынастары туралы заңда меншік иелерінің саны 20-дан аспаса, оларды басқару нысаны болған. Сол сияқты, мұнда да аз пәтерлі тұрғын үйлерде өзін-өзі бақаруға құқық беру керек», – деді қалалық Тұрғын үй саясаты басқармасының бөлім басшысы Жандос Қайырханов.

Жалпы, елімізде тұрғын үйді басқарудың жаңа түріне көшу туралы шешім азаматтардың Пәтер иелері кооперативінің қызметі мен сапасына қатысты шағымынан кейін қабылданған. Бұл тұрғын үйді дербес басқаруға және қаражаттың мақсатты пайдалануын қадағалауға мүмкіндік береді дейді мамандар.

«Меншік иелерінің бірлестігі мен жай серіктестікті айтсақ, онда төрағасы сол үйдің тұрғыны не көршісі бола алады. Әрине, ол тұрғын болғаннан кейін өз үйіне жақсы қарайды. Оны төрағалыққа қойып қана қоймай, қасына өзінің тексеру комиссиясын қосады. Ол да тұрғындардың ішінен сайланады. Сол үшін халыққа осындай түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз», – деді қалалық Тұрғын үй саясаты басқармасының басшысы Данияр Қырықбаев.

Айта кету керек, қалада 8 645 көппәтерлі тұрғын үй бар. Бүгінде оның 612-сі мүлік иелері бірлестігіне тіркелсе, 2 975 көп пәтерлі тұрғын үйді басқаруды жүзеге асыратын 2 182 жай серіктестік таңдалған. Осылайша, қаланың 40 пайызы басқарудың жаңа түріне өтті.

Жанар Ғаниқызы, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров