|
06.03.2019 | 20:43
7086

Алматы дүкендеріндегі сэндвич пен бургерден ішек таяқшалары анықталды

Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті фаст-фуд өнімдеріне сараптама жүргізген

Алматы дүкендеріндегі сэндвич пен бургерден ішек таяқшалары анықталды almaty.tv

Алматыдағы дүкендерде қауіпті фаст-фудтар саудаланып келген. Тексеріс жүргізген Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті мамандары сэндвич пен бургерден ішек таяқшаларын тауыпты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сэндвич және бургер – қазіргі таңда жастар арасында сұранысқа ие тағам түрлерінің бірі. Бүгінде дүкен сөрелерінде олардың сан түрі самсап тұр. Себебі, бұл тағамдар тез арада, қолжетімді бағада жүрек жалғап алуға болатын ас болып отыр.

Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті фаст-фуд өнімдеріне сараптама жүргізген. Яғни, 3 дүкеннен 5 сынама алынған. Соның ішінде екі азық-түлік өнімінен ішек таяқшалары мен микробтар табылыпты. 

«Сынамалардың ішінде микробтың таяқшаларының саны көп болған. Тағамдарды сақтау мерзімі жазылмаған. Сондықтан қазіргі кезде сатылымнан алынып, ақпаратты өндірушілеріне берілді. Бұл табылған ақпараттар бойынша өндірушілер тексеріліп, өндірушілердің технологиялық бағыты тексеріледі. Сондықтан тағам қауіпсіздігін растайтын құжаты болмаған жағдайда айыппұл салынып, әкімшілік іс қозғалады», – деді Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бөлім басшысы Әнел МҰСАЕВА.

Мамандардың сөзінше, фаст-фуд өнімдерін ұзағырақ сақтау үшін кәсіпкерлер қитұрқы әрекеттерге барып, түрлі қоспа қосады. Тіпті, өнім көлемін арттыру мақсатында амал айлалар жасайтын көрінеді.

«Өз ісіне жауапсыз қарайтын, тек пайда табуды ғана ойлайтын кәсіпкерлер бар. Олар тағамдарға консерванттар қосып, ет тағамдарының сақталу уақытын көбейтеді. Бұл бір. Екіншіден, неше түрлі қоспалар қосу арқылы 1 келі етті 2 келі етке көбейтіп алады. Мысалы, сиырдың терісін, шошқаның терісін ұнтақтап, содан ұн алады. Оны жануарлар белогы дейді. Соны етке қосып жатады. Ондай тағамның құрамындағы коллаген екі жүз пайызға дейін көбейіп кетеді», – деді Алматы технологиялық университеті «Тамақ өнімдерінің технологиясы» кафедрасының профессоры Ясин ҰЗАҚОВ.

Сарапшылар азық-түлік өнімдерін сатып алған кезде сақтау ережесіне аса мән беруге кеңес береді. Одан бөлек, тұтынуға болатын уақытын да мұқият қарау қажет екенін алға тартып отыр. Ең алдымен, қаптамада өндірілген күні де көрсетіліп тұруы тиіс. Атап өтерлігі, Алматыда фаст-фуд өнімдерін өндіретін 10-ға жуық кәсіпорын жұмыс істейді.

Перизат Көмекбайқызы, Рашид Шүкірәлиев, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир